Депутаттар армия тынысымен танысты

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Маңғыстау облысында Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған депутаттар тобы Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріндегі қызмет жағдайымен танысты.
Халық қалаулылары теңіз жаяу әскерлері бригадасы мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімін аралап, инфрақұрылым, техника және жауынгерлік жарақтандыру барысын көрді. Оларды «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлер қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов қарсы алып, бөлімдердің қазіргі ахуалы мен әлеуеті туралы кеңінен ақпарат берді.
Сапар аясында депутаттар жеке құраммен де кездесіп, әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау, зейнетақы жүйесі, жеңілдіктер мен құқықтық қамтамасыз ету мәселелері бойынша қабылданған заңдар туралы айтып берді. Ашық диалог барысында әскери қызметшілер көкейдегі сауалдарына нақты жауап алды.