Уфада Түркістан мұрасы таныстырылды

Патриот жаршысы
8

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

2025 жылдың 10 шілдесінде Башқұртстан Республикасының Ұлттық музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған «Көне Түркістан және Ясауи мұрасы» атты халықаралық көрменің ашылу салтанаты өтті.

Көрмеге Түркістан өңіріндегі көне қалашықтар мен тарихи орындардан табылған археологиялық жәдігерлер, Қожа Ахмет Ясауи мен оның ізбасарларына қатысты сирек қолжазбалар, Әмір Темір заманындағы сәулет элементтері, фотоматериалдар, ортағасырлық қыш бұйымдар мен монеталар қойылған.

Көрме барысында XII ғасырдың ұлы ойшылы, ақын әрі философ Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен оның түркі руханиятына қосқан үлесі ерекше таныстырылды. Сонымен қатар, Ясауи ілімінің Еділ мен Жайық бойындағы халыққа, соның ішінде XIV ғасырда Башқұртстан аумағындағы кесенеде жерленген Хусейн-бек секілді рухани тұлғаларға әсері жөнінде тың ақпараттар ұсынылды.

Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ясауи мұрасын насихаттауға қатысты тапсырмасы аясында, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Көрме 2025 жылдың 3 тамызына дейін жалғасады.

Малика Рүстем
тілші