«Jasyl El»: Жасыл елдің жастары іске кірісті

Астана қаласының әкімдігі
Ел Президентінің бастамасымен 2005 жылы қолға алынған «Jasyl El» бағдарламасы жыл сайын еліміздің жас буынын табиғатты аялауға, еңбекке баулуға бағытталған маңызды жобаға айналды. Биыл да елордалық жастар бұл бастамаға белсенді түрде атсалыспақ.
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, 2025 жылы елордада 5200 оқушы мен студент уақытша жұмыспен қамтылмақ. Жоба мамырдан тамызға дейін, яғни 4 айға жалғасады.
Жасыл еңбекке кімдер тартылады? Бағдарламаға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ең алдымен келесі санаттағы жастар жұмысқа қабылданады:
- ата-анасыз қалғандар;
- көпбалалы отбасынан шыққандар;
- әлеуметтік жағынан осал топтағы жастар;
- толық емес отбасылардың балалары;
- құқық қорғау органдарының есебінде тұрғандар.
Жоба аясында жастар орман шаруашылығы мен түрлі экологиялық мекемелерде еңбек етеді. Оларға арнайы формамен қатар, 64 564 теңге көлемінде жалақы төленеді. Еңбек заңнамасына сәйкес, 18 жасқа толмаған жасөспірімдер күніне 4 сағаттан артық жұмыс істемейді. «Jasyl El» сарбаздары мектеп ауласын көгалдандырудан бастап, саябақтар мен қала аумағындағы жасыл желектерді баптауға дейін түрлі жұмыстар атқарады:
- ағаш отырғызу;
- шөп шабу, суару, жерді қопсыту;
- тазалық жұмыстары;
- қалалық іс-шараларға қатысу.
Жобаның салтанатты ашылу рәсімі 27 мамыр күні сағат 17:00-де Астана амфитеатрында өтеді. Тамызда маусым жабылып, үздік белсенділер мен командирлер марапатталады.
«Бұл бағдарлама – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, жауапкершілік пен еңбекке баулудың тиімді жолы. Жыл сайын «Jasyl El» жобасына қызығушылық артып келеді. Жастар жұмысқа толықтай қамтылып, қоғамдық іске өз үлестерін қосуда», – деді Самат Ибраев.