Абай рухына тағзым

Абай облысының әкімдігі
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Абай облысында ұлттық рухты дәріптеп, саламатты өмір салтын насихаттауға арналған бірқатар ауқымды спорттық шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Абай облысы олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Мұхит Тұрсынов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Атап айтқанда, 4 тамыз күні Семей қаласында күштік экстрим бағытында «Семей батыры» атты ашық турнир өтпек. Ал 3-6 тамыз аралығында қазақ күресінен Қазақстан Республикасы Кубогының иегерлері анықталады. Ең айтулы шаралардың бірі - 7 тамызда өтетін ультрамарафон. Бұл сайыс Абай жолына тағзым ретінде Семейден Қарауылға дейінгі 180 шақырымдық қашықтықта ұйымдастырылады. Ұлттық мұра мен тарихи жадыны ұлықтау мақсатындағы бұл марафон рухани һәм физикалық төзімділік символына айналмақ.
Сонымен қатар, 7-10 тамыз аралығында Қарауыл ауылында «Жеті қазына» жобасы аясында ұлттық спорт түрлерінен кең көлемді жарыстар өтеді. Бұл туралы бұған дейін Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов та мәлімдеген болатын.
Бағдарламада дәстүрлі садақ ату, құсбегілік, тазы жарысы, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және ат спорт ойындары қамтылады. Жарыстардың ішінде жорға жарысы, топ бәйге, аламан бәйге, сондай-ақ қазақ күресінің «Өгіз палуан» (74 кг дейін) және «Түйе палуан» (90 кг-нан жоғары) салмақ санаттары бар.
Ұлттық спорт түрлері бойынша жеңімпаздарға қомақты жүлделер тағайындалған. Мысалы, аламан бәйгенің бас жүлдесі – құны 22 миллион теңгеге жуық заманауи автокөлік. Тоғызқұмалақ ойынының үздігіне отандық Lada Granta көлігі, ал «Түйе палуан» салмағында топ жарған балуанға Chevrolet Monza көлігі беріледі. Дәстүрлі садақ ату мен құсбегілікте үздік шыққандарға үш бас жылқыға дейін, ал жекелеген сайыстарда 2 миллион теңгеге дейінгі қаржылай сыйақы мен 1–5 бас асыл тұқымды жылқы сыйға тартылмақ.
Бұл жарыстарға Абай облысының атынан халықаралық және республикалық додаларда топ жарған мықты спортшылар қатысады. Атап айтқанда, тоғызқұмалақтан әлем және Азия чемпионатының жүлдегері Исахан Аяна, құсбегіліктен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері Ерзат Байқадамов, садақ атудан халықаралық турнирлердің жеңімпаздары Асқарбек Усабаев, Темірлан Түсіпханов және Елзат Маусымбек сынды саңлақтар бақ сынамақ. Сонымен қатар, қазақ күресінің хас шеберлері – Дидар Тұқышев, Есхат Тұрсынбек пен Дәурен Нуралинов сынды балуандар бозкілемге шығады.