Курсанттар Каспийде тәжірибе жинақтауда

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Ақтауда 2 шілдеден бастап Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтының әскери-теңіз кафедрасы курсанттарының теңіздегі оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. 26 шілдеге дейін жалғасатын бұл тәжірибе Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштеріне қарасты 29011 әскери бөлімінің базасында ұйымдастырылған.
Болашақ офицерлер әскери-теңіз бөлімдерінде вахталық және штурмандық қызметтің қыр-сырын меңгеріп, ашық теңізде түрлі жаттығуларға қатысуда. Тәжірибе алғашқы күнінен бастап қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықпен басталып, курсанттардың бөлімшелерге бөлінуімен және сынақ тапсырмаларымен жалғасты.
Кемедегі оқу үдерісінде ерекше көңіл апаттық жағдайлардағы іс-қимылдарға, сүңгуірлік жабдықтарды қолдануға және суда тіршілік ету машықтарына бөлінуде. Жаттығулар әскери кемелер мен оқу орталықтарында қатар жүргізілуде.
Сонымен қатар, курсанттар үшін мәдени-тәрбиелік бағдарлама да қарастырылған. Олар Ақтаудың тарихи-мәдени орындарына барып, жергілікті мұражайлар мен ескерткіштерді тамашалап жүр.
Әскери-теңіз факультетінің доценті, бірінші дәрежелі капитан Артур Тудаков теңіздегі тәжірибенің болашақ офицерлер үшін маңыздылығын атап өтті:
- Теңізде болу - курсанттар үшін шыдамдылықты, тәртіпті, шұғыл ойлауды және шешім қабылдауды үйрететін үлкен мектеп. Бұл тек теорияны іс жүзінде бекіту ғана емес, нағыз әскери мінез-құлықты қалыптастыру жолы, - дейді ол.
Кеме тәжірибесі курсанттардың кәсіби дағдыларын дамытып қана қоймай, олардың жеке тұлға ретінде өсуіне де сеп болады.