Алматы облысында спорт аламаны қызды

Патриот жаршысы
16

Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысында Спорт күні кең көлемде аталып өтті. Қонаев қаласындағы Б. Соқпақбаев атындағы орталық саябақ сахнасында өткен мерекелік кешке олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар және жас спортшылар жиналды.

Мереке қазақ спортының символына айналған Жақсылық Үшкемпіровтің тарихи жеңісін бейнелеген театрландырылған қойылыммен басталды. Одан кейін спорт ардагерлері мен жаттықтырушылар, сондай-ақ дене шынықтыру саласының үздік мамандары марапатталды.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшылардың жетістіктері жүйелі қолдау мен дамыған инфрақұрылымның арқасы екенін атап өтті:

«Спорт – ұлт рухын көтеретін күш. Біз өңірімізде бұл саланы дамытуға ерекше мән береміз. Жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар ай сайынғы стипендия алады, ал «Алатау» клубының арқасында қосымша төлемдер беріледі. Сондай-ақ үздік спортшылар мен жаттықтырушыларға «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық несие рәсімдеу мүмкіндігі бар. Бұл – олардың еңбегіне берілген әділ баға әрі жаңа жеңістерге ынталандыру».

Соңғы жылдары облыс спортында бірқатар ірі жеңістер тіркелді: Париж олимпиадасында Демеу Жадраев күміс медаль иеленсе, Харбиндегі қысқы Азия ойындарында Асет Дүйсенов жүлдегер атанды. Боксшылар мен ауыр атлеттер де Азия және әлем чемпионаттарында алтыннан алқа тақты.

Бұқаралық спорт та қарқынды дамуда. 2024 жылдан бастап «Алатау лигасы» жобасы аясында ауылдық округтерде 140 спорт клубы ашылып, футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі бойынша 318 команда құрылды. Бұл бастама жаңа таланттарды анықтап, мыңдаған тұрғынды салауатты өмір салтына баулып отыр.

Редакция
Patriot Portaly