Меңгу-Темір ханның күміс тиындары

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Атырау қаласы маңындағы «Ақтөбе-Лаэти» көне қалашығында археологтар сирек кездесетін ортағасырлық күміс тиындарды тапты. Қазба жұмыстарын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары жүргізген.
Табылған құнды тиындар Алтын Орда билеушісі Меңгу-Темір ханның (XIII ғасырдың екінші жартысы) тұсында соғылған. Белгілі ресейлік нумизмат-ғалым Павел Петров монетадағы таңбаларды оқып, оны тарихи жағынан аса құнды деп бағалады.
-Тиынның бір бетінде Меңгу-Темір ханның белгісі, екінші бетінде Қытай иероглифтері бейнеленген. Бұл — сол замандағы саяси қатынастар мен тұтқын Номухан оқиғасымен байланысты болуы мүмкін, - дейді археолог Амангелді Мұғауұлы.
Сонымен қатар қазба барысында бүтін күйінде «Тағара» атты керамикалық ыдыс та табылған. Зерттеуге Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығы тапсырыс беріп, соңғы жылдары қалашыққа ерекше көңіл бөлініп келеді. 53 гектар аумағы қоршалып, болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарланған.
Археологиялық жұмысқа Атырау университетінің тарихшы студенттері де қатысуда. Қазбадан шыққан артефактілер оқу орнының зертханасында терең зерттелетін болады.