Заманауи әке – жауапты ұрпақ тәрбиесінің тірегі

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Астанада Әкелер күніне орай ұйымдастырылған «Әке. Отбасы. Қоғам» атты X Республикалық форумда заманауи әке рөліне арналған маңызды құжат – «ХХІ ғасыр әкесі: әрекетке шақыру» декларациясы қабылданды.
Форумды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Маңызды іс-шараға вице-министр Айбек Сыдықов, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова, «NazymPR» ЖШС директоры Назым Жанғазинова, «Әкелер Одағы» РҚБ төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, халықаралық ұйым өкілдері және елдің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық сарапшы мен қоғам белсенділері қатысты.
Форумда бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі, психикалық және дене саулығы, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы секілді өзекті тақырыптар талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі осы форумның негізгі бағытын айқындап берді.
Форум нәтижесінде қабылданған Декларацияда ХХІ ғасырдың әкесі – жай ғана асыраушы емес, баланың өміріне алғашқы күндерден бастап белсенді араласатын, қамқор, саналы тұлға ретінде сипатталады. Онда әкенің сүйіспеншілік пен жауапкершілік танытып, әйелдер құқығы мен гендерлік теңдікті құрметтейтін, зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыруға ықпал ететін және өскелең ұрпаққа үлгі болатын құндылықтары айқындалған.
Сонымен қатар құжатта 2030 жылға дейін ерлердің ата-ана тәрбиесіне, репродуктивті және психикалық денсаулық бағдарламаларына қатысуын арттыру, ел бойынша әкелер клубтары мен қоғамдастықтарын дамыту бағытындағы нақты міндеттемелер енгізілген.
10 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан форум – тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, ұрпақ болашағына бей-жай қарамайтын барша азаматтарды біріктіретін маңызды алаңға айналды.