Астанада Virtus чемпионаты басталды

Астана қаласының әкімдігі
Астана қаласындағы Триатлон паркінде зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшыларға арналған Virtus World Championship Astana 2025 баскетбол турнирінің ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл – Қазақстанда алғаш рет, ал Азия құрлығында тұңғыш рет өткізіліп отырған Virtus чемпионаты.
Чемпионат Астананың екі спорт алаңында өтеді.
3х3 баскетбол ойындары 12-15 маусым аралығында Триатлон паркінде өтеді;
5х5 баскетбол жарыстары 17-21 маусым күндері Ж. Үшкемпіров атындағы «Жекпе-Жек» спорт сарайында ұйымдастырылады.
Байрақты бәсекеге 11 елден – Аустралия, АҚШ, Франция, Жапония, Польша, Италия, Испания, Португалия, Израиль, Венесуэла және Қазақстаннан интеллектуалдық дамуында ерекшелігі бар (II1 санаты) спортшылар қатысып жатыр.
Чемпионатты ұйымдастыруға ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігі қолдау көрсетуде. Ал басты ұйымдастырушылар – «Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар тұлғалар спорты федерациясы» (IDSPORT) мен ҚР Ұлттық баскетбол федерациясы.
Жарыстар Virtus халықаралық федерациясының ресми мақұлдауымен өтуде. Virtus – Паралимпиадалық комитет мойындаған, әлемнің 100-ден аса еліндегі 7 мыңнан астам спортшыны біріктіретін жетекші ұйым.
– Астанада Virtus чемпионатының өтуі – Қазақстанның спортта теңдік пен қолжетімділікті қолдайтынын білдіретін маңызды қадам. Бұл – инклюзияны нығайтатын, мыңдаған адамға қоғамда өз орнын сезінуге мүмкіндік беретін тарихи оқиға, – деді IDSPORT президенті Дина Темірғалиева.
Чемпионат – инклюзивті спортты дамытудың ғана емес, ел имиджін нығайтудың да бірегей үлгісі.