Мен үшін Конституция деген не?

«Тәртіпке бағынған құл болмайды,
тәртіпсіз ел болмайды»
Бауыржан Момышұлы
Көк аспанның астында, қара жердің үстінде қанатымызды кеңге жайып жүруіміз, «басты құндылық-адам» деген дәуірде өмір сүруіміз, әуелі, ата-бабамыздың ерлігінің, одан соң, еліміздің егемендігін берік етіп тұрған Ата заңымыздың арқасы.
Кез келген елдің зайырлылығын, егемендігін анықтайтын құжат-Конституция. Ол халықпен бірге бекітілген. Конституциямыздың 17-бабында «адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды» делінсе, 18-бабында «әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройының қорғалуына құқылы» екендігі жөнінде жазылған. Бұл Ата заңдаәрбір адамзаттың құндылығы ескеріліп, құқығының қорғалғанын айғақтайды.
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарында егеменді елдің алғашқы Конституциясы қабылданды. Сол кездің өзінде-ақ Қазақстан өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең мемлекет екенін айғақтап, халықаралық нормаларға сай өз заңын жариялаған болатын. Қазір қолданыстағы 1995 жылдың 30 тамызында халықтық референдумда қабылданған Ата заң мемлекеттің өз алдына мақсат қойып, қарқынды дамуын одан әрі қамти түскен. Конституцияның «Жалпы ережелері» деп аталатын 1-бөлімінде «Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыты-демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуетті мемлекет құру» деп аталып көрсетіледі. Сол себепті билік те үшке бөлінді. Осылайша басқару құрылымы бір реттілікке түсті деуге де болады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылғы 30 тамызындағы барша халықты Конституция күнімен құттықтау сөзінде «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей атсалысусымен әзірленген еліміздің бас құжаты әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріміздің және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы ауқымды реформаларымыздың биік тұғыры болып саналады» деп атап көрсетеді. Президентіміз Конституциямыздың қаншалықты құнды, қадірлі екенін, әлеуметтік-экономикалықжүйені қалыптастырып, жан-жақты жаңғыру жолында үлкен мағынаға ие екендігін әркез айтып келе жатыр. Заңға өзгерістер енгізілген кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жұмыс тобы қажетті түзетулерді әзірледі. Бұл іске белгілі заңгер ғалымдар, адам құқықтары жөніндегі уәкілдер атсалысты. Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі едәуір күшейеді», - деп 2022 жылғы 22 сәуірдегі Конституцияларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі кеңесінде айтып өтті.
Мемлекеттік қызметкер заң және құқық өкілі болғандықтан, қойылатын талап та жоғары болады.Конституцияның 33-бабының 4-тармағында азаматтардың мемлекеттік қызметтерге орналасуға тең құқылы екендігі айтылған. Қызметте лауазымдық ілгерілеуде меритократия қағидасының алар орны ерек. Аталмыш қағидамен кадрларды дайындау мен оларды өсіру жөнінде қабылданатын шешімдердің сапасы жоғары болары сөзсіз. Бұл -Конституцияның әлеуетін жүзеге асыру жолындағы басты қадам. Қағида мемлекеттік қызметкерлердің өз еңбегінің объективті түрде бағаланатынына сенімін қалыптастырады, яғни мемлекеттік аппаратқа деген сенімі жоғарылайды. «Қазақтан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп» кодексі халықтың басшылыққа деген оң көзқарасын нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қазақстан Республикасына қызмет ететін әрбір мемлекеттік қызметші өмірінде Ата заң өте маңызды рөл атақарады. Мен үшін Ата заңда көрсетілген талаптарға сай «мемлекеттік қызметкер» атын алып жүру - үлкен мақтаныш!
Мемлекетіміздің бағыт-бағдарын анықтайтын темірқазық - Ата заң. Мызғымас тәртіпке Республиканың әр азаматы бағынуы тиіс. Оны құрметтеу - парыз бен міндет. Сонда ғана қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманымыздан ажырамай, ғұмырымызды жалғастыра алатын боламыз. Жүсіп Баласағұн айтпақшы, қай заманда да «Әділ заң-ел тірегі» болып қала бермек.
Қорыта айтқанда, саясаты салмақты, экономикасы еңселі, халқы біртұтас, болашағы айқын, іргелі мемлекетке Ата заңымыздың құрылымды жасалып, қатаң сақталуымен жетіп отырмыз. Ата заң - тәуелсіздік тірегі, мемлекеттің реңі. Еліміздің басты төлқұжаты болғаннан кейін де, мемлекетіміздің әрі қарай қарыштап дамуына кепіл бола алады. Әлем бойынша ең жас Конституция болса да, озық ойлы қағида жарғыларымен теңесетін Ата заңымыздың қадір-қасиетін түсініп, азат елімізді сүйіп, еркіндігімізді елеп, өсіп-өркендеуіміз үшін шынайы ниетпен үлес қосуымыз керек. Менің Ата заңым – қорғаным, менің тарихым, бүгінім, ертеңім!
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ахметжанова Назгүл Жолдасқалиқызы