«Есірткіге жол жоқ!» – Астанада есірткіге қарсы күрес айлығы басталды

Астана қаласының әкімдігі
Астанада Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай дәстүрлі есірткіге қарсы күрес айлығы бастау алды. Ауқымды шара Есіл жағалауында ұйымдастырылып, «Астана – есірткісіз қала» атты акция аясында өтті.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғам назарын нашақорлықпен күреске аудару.
Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды. Акцияға танымал блогерлер мен спортшылар – Василий Тахтай, Мерей Ақшалов және Айдос Қожахметов қатысып, жастарға мотивациялық үндеу жасады. Сонымен қатар, олармен бірге фото және автограф-сессиялар өткізілді.
Ұйымдастырушылар шара барысында қатысушыларға мерекелік кофе мен түрлі сыйлықтар ұсынды. «Жер елшілері» жастар қозғалысының көшбасшысы Темірлан Үкібаевтың айтуынша, мұндай акциялар жастарға, әсіресе есірткінің зияны туралы әлі толық түсінігі қалыптаса қоймағандарға, ерекше әсер етеді. «Сыйлықтар мен жүлделер жастарды қызықтырып, қатысуға ынталандырады», – деді ол.
Ал спорттық блогер және жаттықтырушы Василий Тахтай мұндай шаралардың жазғы демалыс қарсаңында маңызын атап өтті: «Бүгін мектеп бітіру кеші. Жастар серуендеп, демалыста. Дәл осындай сәтте біз спорттың өмір сүрудің ең үздік жолы екенін көрсеткіміз келеді. Сондықтан түрлі челлендждер мен ойындар өткізіп, салауатты өмірге үндейміз», – деді ол.
Айта кету керек, полиция қызметкерлері бұл жолы ерекше форматта – бейресми жағдайда, спорт және еркін әңгіме арқылы жастармен тілдесті. «Жыл бойы мектептерде дәрістер оқимыз, ал бүгін достық форматында сөйлескіміз келеді. Мүмкін біреу ішкі қиындықтарын бөлісетін болар – біз көмектесуге дайынбыз», – деді ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлия Қыбатқызы.
Бұл айлық – жастарды жат әдеттен аулақ етіп, салауатты өмірге бет бұрғызу жолындағы маңызды қадамдардың бірі.