Дубайдағы шабандоз қазақ қызы

Гүлім Аяғанова – ат спортының шебері, БАӘ Президенті кубогының үш мәрте иегері, ҚР-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кәсіби жаттықтырушы. Дубайда жүріп-ақ ел намысын тұлпарымен топ жарып қорғап жүрген қазақ қызы туралы біреу білсе, біреу білмейді. Осы орайда Гүлім Қанатқызымен сұқбаттасқан едік.
Шабандоздың айтуынша, әр қазақтың бойында жылқыға деген шексіз махаббат бар.
Мен 1992 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Қарақамыс ауылында дүниеге келдім. Атқа деген қызығушылығым ауылда жүрген шағымда басталды. Кішкентайымнан жылқы жануары жаныма өте жақын. Бала кезімдегі естеліктер туралы айтылған кезде бәрі үнемі жылқыдан қорықпай кез-келгеніне мінетінсің деп айтып жатады. Ағам үнемі атқа мініп жүретін, оған қызығып мен де атқа мінгім келді. Міне, бала кезден бастап әлі күнге дейін аттың үстінен түспей келе жатырмын.
2010 жылы Астана қаласына көшіп келдім. Евразия гуманитарлық институтында «аударма ісі» мамандығы бойынша білім алдым. Ағылшын тілін жетік меңгердім. Ал, Дубайға 2015 жылы көштім. Аттарды баптау, аттардың үстінде жүру ол жақта өте жақсы дамыған. Сондықтан сол жаққа көшуге тура келді. Отбасыма келер болсақ, ата-анам тарапынан тек қолдау болды. Әр бастамама ақ батасын беретін ата-анама алғысым шексіз. Ешқашан менің ойларыма қарсы шыққан емес. Он тоғыз жасымнан бастап басқа елдерге шығып жүрмін. Сол кезден бастап олар маған сеніп, тілеуімді тілеп отырады. Соның арқасында өз мақсаттарым мен армандарыма адаспай келе жатырмын деп ойлаймын. Анам – мұғалім, әкем – жүк көлік жүргізушісі. Қазір екеуі де зейнет жасында. Жалпы отбасыда үш ағайындымыз. Өзім үйдің кенжесімін. Ағам– қаржы саласында қызмет етсе, әпкем– аудармашы болып қызмет атқарады.
Дубайға қатысты сұрақтар көп келеді. Қызығушылық танытатындар көп. Сол жақта жақын құрбым қонақүйде жұмыс жасайтын. Құрбым қазіргі менің жұмыс істеп жүрген ат қорам туралы айтып, «Сен аттарға, ат баптауға қатты қызығасың ғой.
Осында келіп көрсеңші», – деп осы жерді ұсынған болатын. Алғашында қонақ ретінде барып, көзіммен көріп сырттай бақылап қайттым. Ол жер маған қатты ұнады. Екінші рет барған кезімде өзімді жайлы сезініп, сол жердің басшысымен сөйлесіп «менің атқа деген қызығушылым бар, осында жұмыс істегім келеді» деп түсіндірдім. Ол кісілер атқа қалай мінетінімді, ат баптауымды барлығын тексеріп бақылау жүргізді. Сыннан өткен соң сол жерде жұмыс істей бастадым. Солайша бүгінге дейін өз сүйікті ісіммен айналысып келе жатырмын. Менің ең қатты жақсы көретін жылқым – Салахаддин. Ол менің ең бірінші атым болғандықтан, өмірімде алатын орны өте ерекше. Достарым мені көргенде әуелі менің емес, жылқымның жағдайын сұрап жатады. Он жылға жуық уақыт әлі де менімен бірге келе жатыр.
Қыз балаға ат баптау әрине, қиын. Жеке өзім физикалық түрде қиыншылық бар деп айтар едім. Өйткені біздің жаттығуларымыз өте көп. Күн сайын жаттығу таңнан кешке дейін жалғасады. Одан бөлек атты қарау, баптау да оңай емес. Ол жақта жаз өте ыстық болғандықтан, ат баптау, аттық спорт түрлері тоқтатылады. Қыста басталып, ат жарыстары алты ай болады. Жарысқа екі ай қыркүйек айынан дайындала бастаймыз. Қарашада барлық жарыстар толық басталады. Тіпті апта сайын жарыстар өтеді. Менің спортым қашықтыққа шабу деп аталады. Ол бізде қатты дамымаған. Қазір ақырындап басталып жатыр деуге болады. Былтыр ғана алғашқы жарыс Ақтау қаласында өтті. Биыл тағы да сол жерде болады деп жоспарлануда.
Менің спорт түріме оның ішінде Дубайда ат баптауыма қызығып, түрлі сұрақтар қойып жатады. Менің айтарым біріншіден, жылқы жануарын жақсы көру қажет. Екіншіден, ат спортымен айналысу керек. Себебі ол жақта ат спортымен айналысатындардың деңгейі өте жоғары. Бәсекелестік көп. Себебі барлық елдің шабандоздары Дубайда десем қателеспеймін. Неге десеңіз, Әлем чемпионаты секілді үлкен жарыстар сол жақта өтеді. Дубай ат спортының орталығына айналған десек те артық айтқандық емес. Ол жақта қойылатын талаптарға келсем, лицензияңыз болуы тиіс. Атпен жарысқа қатысуға және оны баптауға лицензия керек. Оны алу үшін арнайы оқу-жаттығулардан өтесіз. Емтихан сынағынан өтіп, тест тапсырасыз. Солардың барлыған сәтті өтсеңіз ғана ат спортына, атты баптауға кірісе аласыз.
Ат баптау бойынша үлкен армандарымның бірі – Қазақстанда араб тұқымы мен қазақ тұқымын будандастырып оларды көбейту. Өзім айналысып жүрген ат спортын дамыту, насихаттау. Қаржы жағынан үкімет тарапынан қолдаулар болса, 5-6 жылда дамытуға әбден болады деп ойлаймын. Себебі бізде барлық мүмкіндіктер бар. Қазақстанда қаражат жағында мәселе бар. Болашақта ол мәселелер шешілсе, біздің елімізде де қарқынды түрде дамитыныдығына сенімім мол. Дубайда тұратын жерің, еңбекақың барлығы қарастырылған. Біріккен Араб Әмірлігінде ең үлкен жарыс – жүз алпыс км арақашықтықта өтетін «Президент кубогы» деп аталады. Ол жарысқа бес жүз ат шапса, сол аттардың ішінде тек тоқсан ат мәреге дейін шыдап келе алады. Мен сол жарыста үш рет мәреге дейін жеттім. Бұл жерде орын маңызды емес, шыдап соңына дейін жету маңызды және барлығына бірдей сыйлықтар беріледі.
Шетелде жүргендіктен елімді, жерімді қатты сағынамын. Патриотизм сезімі де қатты оянады. Жарыстарға көп барғандықтан, әрдайым Қазақстанда туғаныма, қазақтың қызы болғаныма мақтанып жүремін. Барынша еліміздің көк туы бейнелген киімдерді киіп жүрге тырсамын. Адамдар бірден келіп «Сіз Қазақстаннансыз ба? Сіздердің бойларыңызда жылқының барлық қасиеті қандарыныңыздар табылады деп айтады»,- деп қуанып, еліміз туралы жақсы дүниелер айтып жатады. Қазақ пен жылқының жақындығын біліп жатқанына іштей қуанып қаламын. Шетелдегі қазақтарды көрген кезде де өз бауырыңды көргендей сезімде боласың. Қазір екі елде өмір сүріп жатырмын. Жазда – 4ай Қазақстанда, сегіз ай – Дубайда боламын. Екі жақта да өмірім бар деп айтуға болады.
Маған неге Дубайда жүрсің деген секілді сұрақтар қойылған кезде менің жауабым айтар жауабым – Қазақстанда қолдау жоқ. Тіпті Федерациядан да жарыстарға барайық десек қолдау таба алмаймыз. Жауаптары «Бұл Олимпиадалық ойын емес. Қаражат қарастырылмаған» ,–дейді. Содан кейін бізде қандай даму болады?! Болмаған соң өз қаржымызбен баруға тура келеді. 2018 жылы Америкада әлемдік чемпионат өтті. Қазақстаннан екі қыз қатысуға ниетті болдық. Сол кезде бізді Катар елі қолдап, өз аттарын берген. Олар аттарды Франциядан Америкаға ұшақпен тегін жеткізіп берді. Ал, өз елімізде Қазақстанның атынан шығасыздар ғой деп сенім білдірмегендері жанымызға батты. Өзіміз емес,өзге елдің қолдауы қатты сезілген еді. Қазақстанда қолдау болмағандықтан, көп жарыстардан бас тартуға тура келеді. Көбісі Қазақстанға келу туралы жоспарың бар ма деп сұрайды. Қолдау болмаса қалай келемін?! Қатысқан жарыстарыма еліміздің атынан шыққандықтан, Гүлім Аяғанова және Қазақстанның туы тұрады. Маған соны ғана көру және сол жерде тұрып сезіну қатты ұнайды. Жарысқа түрле мемлекеттен келетін шабандоздардың арасында жалғыз қазақ қызы болып олармен иық тірестіру де мені шабыттандырады. Жүрегімде мақтаныш сезімі оянады. Тек сол үшін де бұл жұмыстың қиындығына қарамастан шыдауға тырысамын.
Шабандоздар үшін әлі үйретілмеген аттарды мініп жарысу өте қызық. Үстінде кім ұзақ отыра алар екен деп өзара тексереміз. Басында қорқу болады. Дегенмен, аттан дұрыс құлай білуді де үйрену керек. Дұрыс құламасаң бір жеріңді қатты зақымдап немесе сындырып алуың мүмкін. Оның қыр-сырын үйреніп алғандықтан, сондай сәттерде қалай әрекет етуді білеміз. Аттың үстінде түрлі жағдайлар болады. Жарыстардың бірінде бір жігітті жылқы ала қашқаны бар. Ол жылқыны тоқтата алмай, үстінен қатты құлады. Сондықтан аттар үстіне кімнің отырғанан қатты сезеді. Егер оған жақпаса осындай қылық көрсетеді. Жүгенді тартуынан-ақ олар қыз немесе ер адамның отырғанан біледі. Кейбір жылқылар тек қыздардың жұмсақтығына үйренеді. Яғни, ат пен адам арасындағы тығыз байланыс болу қажет. Менің тағы бір жылқым бар. Оған жігіттер жақындаса ешқайсысына ұстатпайды. Қашып түрлі мінезін көрсетеді. Ал, менен өзге қыздар барса тұра қалады.
Ат баптағысы келетін жандардан «үйренгім келеді» деген секілді ұсыныстар түсіп жатады. Мен барлығына көмектесуге әзірмін. Десе де көбісі ат баптауды оңай деп ойлап келеді. Бірнеше күн келіп көргеннен кейін ол адамды таппай қаласыз. Кейбірі жұмыстың қиындығына шыдамайды. Бізде екі жүзге жуық ат бар. Күніне үйренуге кем дегенде жүз адам келеді. Келген барлық адамға аттарды босату, дайындау, жуындырып әкелу деген секілді жұмыстар өте көп. Көп адам ол жұмыстарды ескермей келеді. Бастысы атты түсініп оны жақсы көру керек. Сонда ғана атпен жақсы тілтабысып жұмыс істей аласың.
Кез-келген салада бастысы өзіңнің ісіңді ұнату өте маңызды. Менің жағдайымда менің хоббиім маған қаржы әкеліп жатыр. Менде жұмысқа бара жатырмын деген сезім болмайды. Жұмыс таңғы бес жарымда басталатын болса да мен ешқашан ерте тұру үшін оятқыш қоймаймын. Өз еркіммен оянып, онда баруға асығып тұрамын. Атты баптаған кезде бүгінгі жоспарланған дүниелерді бітіргеннен кейін ертеңгі күнге тезірек жеткің келіп тұрады. Ал атты баптап, жарыстарға шыққаннан кейінгі нәтижеге қол жеткізу тіпті бөлек сезім сыйлайды. Сондықтан жұмысыңыз сізге міндетті түрде ұнау керек. Сонда барлығы сапалы әрі нәтижелі болады деп ойлаймын.
Саяхаттағанды қатты жақсы көремін. Әлемнің көрікті жерлерін аралау маған ерекше шабыт береді. Осы уақыт аралығында жиырмаға жуық елде, елуге жуық қалада болдым. Ана тілімді және орысша, ағылшын, хинди тілдерін білемін. Қазір араб тілін меңгеріп жүрмін. Жастарға айтарым, тапқан қаржыларыңызды өздеріңізге жұмсау үйрену керек. Ел көру, жер көру сіздің көңіл көкжиегіңізді кеңейтеді, өмірге деген көзқарастарыңызды өзгертеді. Саяхаттаңыздар, білім алыңыздар дегім келеді. Жүректеріңіздегі патриоттық сезім ешқашан өшпесін!