Елордалық теннисшілер Бурабайда топ жарды

Астана қаласының әкімдігі
Ақмола облысындағы әйгілі Бурабай спорт базасында үстел теннисінен «Burabay Open» атты ашық республикалық турнир өтті. Дәстүрлі жарыс ерлер мен әйелдер арасында, жас ерекшелігі мен шеберлік деңгейіне қарамастан, жеке разряд бойынша ұйымдастырылды.
Турнирде елордалық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді. Ерлер арасындағы бәсекеде ағайынды Герасименколардың бағы жанды. Тимофей Герасименко жарыс жеңімпазы атанып, алтын медальға ие болса, ағасы Александр Герасименко қола медальды еншіледі.
Ал әйелдер арасында Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары үздіктер қатарынан табылды. Малика Сандыбаева күміс жүлдеге қол жеткізсе, Әлия Абжанова үшінші орынды иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Салтанатты марапаттау рәсіміне Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Қарауылов қатысты.
Бұл турнир ел спортының дамуына серпін беріп, жас спортшыларға шабыт сыйлады.