Coursera чемпионы

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің 1-курс студенті Роман Степанец әлемнің жетекші университеттері ұсынған 260 онлайн курсты Coursera платформасында сәтті аяқтап, еліміздегі жоғары оқу орындары арасында білім алудағы белсенділігімен ерекшеленді.
Туризм мамандығында білім алып жатқан Роман қаржы, басқару, психология, медиа және жасанды интеллект бағыттарын қамтитын 12 мамандану бағдарламасын меңгеріп, Йель, Стэнфорд, Мичиган, Уэслиан сынды университеттерден сертификаттар алған.
Оның таңдаулы курстарының қатарында Йель университетінің «Қаржы нарықтары», Уэслиан мен Пенсильвания университеттерінің психология және AI бағытындағы курстары бар.
—Өзін-өзі дамыту – мен үшін өмір салты. Coursera маған ең үздік оқытушылардан білім алуға мүмкіндік берді, мен бұл мүмкіндікті толық пайдалануға тырыстым, – дейді Роман.
Роман жинаған білімін күнделікті өмірде белсенді түрде қолданып жүр: Coursera платформасында басқа студенттерге оқуда бағыт-бағдар беріп, соның арқасында коммуникация мен цифрлық білім беру салаларындағы біліктілігін үнемі жетілдіруде. Ал бос уақытын музыка тыңдап, спортпен айналысып және қызықты кітаптарды парақтауға арнайды.