“Қазақ чемпиондары: Комикс кітаптар шықты

Патриот жаршысы
153

Фото: Спортты дамыту қоры

17 қаңтар күні Астана қаласы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының қолдауымен белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов және ақын, жазушы, журналист Азамат Әбілқайырдың «Қазақ чемпиондары» атты балаларға арналған комикс кітаптарының тұсаукесері өтті. Бұл комикстер топтамасы спорт мектептеріне тегін таратылады.

Бес кітаптан тұратын комикс жанрындағы бұл туынды Париж-2024 Олимпиадасында жүлдегер атанған спортшыларға арналған. Кітапта дзюдошы Елдос Сметов, боксшы Назым Қызайбай мен Нұрбек Оралбай, палуан Демеу Жадыраев, гимнаст Нариман Құрбанов, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаев және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Президенті Геннадий Головкин де бар. 

Кітапта спортшылардың балалық шағы мен алғаш додаға түсіп, қазіргі уақытқа дейін жеткен жетістіктері туралы жазылған. “Қазақ чемпиондары” кітабы шынайы оқиғаларға негізділген.

«Біз қашанға дейін шет мемлекеттердегі, мәселен, Гарри Поттерді ұлықтаймыз?! Өзіміздің кейіпкерлеріміз қашан пайда болады дегенде кейіпкерді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол өзіміздің өскелең ұрпақтың бет бұрып, еңбекқорлықтың, отаншылдықтың үлгісі болған осы чемпиондарымызды ұлықтау мақсатында және осы арқылы біз балалар әдебиетінің кенже қалған комикс жанрына үлес қосқымыз келді», -дейді Азамат Әбілқайыр 24.kz арнасына берген сұхбатында.

«Мен Париж Олимпиадасында болдым, барысын көрдім. Сол жақтан ақпарат тараттық. Одан кейін түрлі фильмдер жасадық, түрлі сұхбаттар жаздық. Барынша қолдау таныту спортшыларымызға. Осы бастама да, комикс кітаптар сол кезде ойымызға келді, бірақ жүзеге асыру оңай емес екен. Ол шығармашылық процесс. Әйтеуір араға біраз уақыт салып болса да, жүзеге асып жатыр», - дейді екінші кітап авторы Аслан Қаженов.

Дариға Нысанқұл