Өскеменде металлургтер мерекесі мен батырлар марапатталды

Патриот жаршысы
122

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Өскемендегі Б. Александров атындағы Спорт сарайында Металлургтер күніне арналған кең көлемді мерекелік кеш өтті. Бұл іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып, металлургия саласының майталмандарын ұлықтауға бағытталды.

Салтанатты кешті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашып, өңірдің индустриялық қуатын атап өтті. Облыс басшысы «Қазцинк» компаниясының түсті металлургиядағы көшбасшы рөлін ерекше атап өтіп, кәсіпорын ұжымының кәсіби мәдениеті мен даму қарқынына жоғары баға берді.

Іс-шара барысында «Қазцинк. Табыстар тарихы» корпоративтік байқауының жеңімпаздары марапатталды. Әр түрлі аталымдар бойынша үздік деп танылғандар қатарында:

  • «Үздік жас қызметкер» – Аслан Тұрғымбаев (Өскемен);

  • «Еңбек әулеті» – Злата Вахрушева (Риддер);

  • «Менің ісім – менің мақтанышым» – Алишер Раимханов (Өскемен);

  • «Жастардың тәлімгері» – Әлішер Сабиолдин (Өскемен);

  • «Әлсіз емес әйелдер» – Камила Тұрғынбаева (Көкшетау);

  • «Бізді Қазцинк таныстырды» – Сандуғаш Дөмебаева (Жайрем).

Жеңімпаздарға 500 мың теңгенің сертификаттары табысталды.

Сонымен қатар, дәстүрге айналған «Ізгі жүрек» сыйлығының иегерлері де марапатталды. Суға батып бара жатқан қызды аман алып қалған Ұлттық Ұланның әскери қызметшісі Жанасбек Пермабекке мүсінше мен 1 миллион теңгенің сертификаты берілді. Сондай-ақ, ерлігімен елге үлгі болған студенттер Алмас Елемес пен Ерасыл Омарханов та арнайы сыйлыққа ие болды.

«Металлургтер күні – бұл тек кәсіби мереке емес, ол – бірліктің, ерлік пен жанашырлықтың мерекесі. Біз өз мамандарымыздың кәсібилігін ғана емес, олардың адамгершілік қасиеттерін де бағалаймыз», – деді «Қазцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботин.

Кештің соңында көрермендер үшін түрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Мерекелік шараны отандық жұлдыздар Рахман Сатиев, Жандаурен Аблаев және шетелдік әнші Maruv қатысқан керемет концерт қорытындылады.

Малика Рүстем
тілші