Астанада Абай күніне арналған шаралар кең ауқымда өтеді

Астана қаласының әкімдігі
10 тамыз - қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Биыл бұл атаулы күн Абайдың 180 жылдығымен тұспа-тұс келіп, елордада мерекеге арналған ауқымды мәдени-рухани шаралар өтуде.
Жыл басынан бері Астанадағы білім беру, мәдениет, медицина және басқа да салаларда Абай мұрасына арналған 140-тан астам шара ұйымдастырылған. Ал 10 тамыз - Абай күніне орай елордалықтар мен қала қонақтары үшін мазмұнды іс-шаралар жоспарланған.
Мерекелік күн Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, «Нұрлы Жол» бульварында өтетін «Домбыра party»-мен жалғасады. Шарада Абай әндері шырқалып, ұлттық рух пен өнер дәріптеледі. Сонымен қатар 5000 оқушы Абай әндерін бір мезгілде орындайды.
Мәдени орындар мен кітапханаларда «Абай әлемі» атты фотокөрмелер, мәнерлеп оқу сайыстары, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер мен поэзия кештері ұйымдастырылады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде #АбайдыОқыЖалықпа челленджі бастау алады.
«АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарына арналған көрме, ал көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада «Абай дара - Абай дана» атты әдеби глобус өтеді.
Бұдан бөлек, «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Абай даналығы» атты дөңгелек үстел, «Astana» ӘКК» АҚ конференц-залында «Ұлы Абайдың 45 қара сөзі» атты талқылау ұйымдастырылады.
Ә. Мәмбетов көшесінде және Алматы ауданының әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде Абай өлеңдерін жатқа оқу конкурстары өтсе, 5 тамызда Қаламгерлер аллеясында «Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес…» атты әдеби-поэтикалық кеш ұйымдастырылады.
7 тамызда Бараев көшесінде «Абай өлеңдерінен ашық микрофон», 8 тамызда Ұстаздар саябағында «Абай - ұлт рухы» флешмобы мен поэтикалық кеш өтеді. Қатысушылар бірлесіп «ABAI» жазуын құрып, ақын рухына тағзым етеді.
Сондай-ақ 7 тамызда Пушкин аллеясында, 8 тамызда Ұлттық академиялық кітапханада ғылыми-практикалық конференция өтеді. Абай мұрасын дәріптейтін көше түсірілімдері де жоспарланған.
9 тамызда Кенесары ескерткіші жанында «Abai Open Mic» поэтикалық алаңы өтсе, Арбатта Абай қара сөздеріне арналған блиц-сауалнама ұйымдастырылады.
10 тамыз күні сағат 17:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Абай әлемі» атты мерекелік концерт өтеді. Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов қатысады.
Ұлы ақынның рухани мұрасын насихаттайтын бұл іс-шаралар – елордалықтарға Абайды жаңаша қырынан танып, ұлттық болмысты тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.