Ақ халатты сарбаздар күні

Патриот жаршысы
51

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

8 шілде - Қарулы Күштерде әскери медицина күні ретінде атап өтіледі. Тәуелсіз Қазақстанның әскери медицинасы 1992 жылы Қарулы Күштер Бас штабы жанынан Әскери-медициналық басқарма құрылған кезден бастау алады. Бүгінде бұл сала - 8 әскери госпиталь, 4 лазарет және көптеген медициналық пункттерден тұратын кең ауқымды құрылымға айналды.

2023 жылдың өзінде әскери госпитальдардың стационарларында 10 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетілген. Бұл - жүйелі жұмыстың, уақытпен үндескен кәсібиліктің айғағы.

Әскери медицинаның әлеуеті жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр Щучинск қаласында Бас әскери клиникалық госпиталь жанынан оңалту бөлімшесі ашылып, ауыр жарақат алған әскери қызметшілердің денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік берілді. Ал Ақтауда әскери теңізшілерге арналған госпиталь ашу, Алматыда әскери медицина академиясын құру жоспары қолға алынды.

Сондай-ақ әскери дәрігерлердің кәсіби шеберлігін арттыру бағытында елдегі жетекші медициналық орталықтармен, атап айтсақ, Президент Іс басқармасының Медициналық орталығымен және Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығымен тығыз байланыс орнаған.

Әскери дәрігерлер халықаралық бітімгерлік миссияларға да қатысуда. Солардың бірі – БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі миссиясы. Бұл жерде қазақстандық медицина мамандары бейбіт патрульдер мен жергілікті тұрғындарға білікті көмек көрсетіп жүр.

COVID-19 пандемиясы кезінде де әскери дәрігерлер алғы шепте болды. Олар инфекциялық изоляторлар ашып, ПТР-зертханалар мен жылжымалы кешендер арқылы күндіз-түні қызмет етті. Су тасқыны кезінде де зардап шеккен аймақтарға барып, тұрғындарға шұғыл медициналық жәрдем көрсетті.

2024 жылы әскери дәрігерлерге азаматтық клиникаларда тәжірибе алу мүмкіндігі беріліп, жалақы деңгейі азаматтық сала мамандарымен теңестірілді. Бұл - медицина майданындағы ерлер мен әйелдердің еңбегіне деген зор құрметтің белгісі.

Ақ желеңді абзал жандар - әскери госпитальдар мен лазареттерде тәулік бойы кезекшілікте тұрып, адам өмірі үшін күресетін үнсіз ерліктің иелері. Олардың қызметі - құрмет пен ризашылыққа лайық биік миссия.

Малика Рүстем
тілші