«Дәстүр - халық рухы. Дала қазынасы» атты көрме ашылды

Cурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерей тойына орай Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Дәстүр – халық рухы. Дала қазынасы» атты көрме ашылды.
Аталмыш көрме еліміздің бай мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік беріп, қазақтың халық қолөнершілері мен сәндік-қолданбалы өнердегі кәсіби суретшілердің жұмыстарымен таныстырады. Олардың ішінде киіз, тоқылған және кестеленген кілемдер, гобелендер, ат-әбзелдері, ағаш, тері, металдан жасалған 60-тан астам туындылар бар. Көрермендер назарына музей қорындағы сирек экспонаттар да ұсынылды. Көпшілігі көрме аясындап алғаш рет қойылып отыр.
Көрменің тағы бір тұтас бөлімі қабырғаға кестеленген түскиіздерге арналған. Киіз үйдің сәндік безендірілуінде төрден құрметті орын алып, отбасылық бақыт пен амандықты бейнелейді. Қазіргі сәндік-қолданбалы өнердің ең кең таралған түрі гобелендерге де арналған жеке экспозиция бар. Түскиіздермен қатар, суретші Зейнелхан Мұхамеджанның халық кестесі мен станоктық композиция дәстүрлерін шебер үйлестіретін авторлық панносын да көруге болады.
Бұл көрме қазіргі заманғы мәдениет тұрғысынан халық өнерін сақтау мен зерделеудің маңызын көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырады. Халық дәстүрін танытуға бағытталған іс-шара 2024 жылдың 30 тамызына дейін жалғасын таппақ.