Сарбазға тағзым

Патриот жаршысы
76

Астана қаласының әкімдігі

Астананың Сарыарқа ауданында Ұлттық ұлан сарбаздарына арналған жаңа мурал ашылды. Сәкен Сейфуллин көшесіндегі №9/1 үйдің қасбетіне салынған бұл сурет – ел қорғаны болған жауынгерлерге деген құрметтің белгісі.

«Ұлттық ұлан – ел айбыны» деп аталатын муралда қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген сарбаздар бейнеленген. Ашылу салтанатына аудан әкімдігі мен әскери бөлімнің өкілдері қатысты.

Лента қию құрметі ерекше ерлік көрсеткен елордалық №5573 әскери бөлімінің сарбаздары – Даниал Сәрсенғалиев пен Нұржан Жұмабекұлына берілді. Даниал – көшеде ауырып қалған кішкентай қызға дер кезінде алғашқы көмек көрсетіп, оның өмірін аман алып қалған сарбаз. Ал Нұржан – қаладағы сауда орталықтарының бірінде өрттің алдын алып, төтенше жағдайдың болмауына септігін тигізген.

«Бұл – өткен жылдың күзінде әскерге шақырылған жас сарбаздардың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Олар – елорданың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күн-түн демей қызмет етіп жүрген Ұлттық ұлан жауынгерлері. Жаңа мурал қала көркін аша түсіп қана қоймай, жастарға патриоттық тәрбие берудің тамаша құралына айналады», – деді Ұлттық ұлан ардагері, запастағы полковник Қуаныш Қожахметов.

Бұл туынды – ел тыныштығын күзеткен жандардың бейнесі ғана емес, бүгінгі күннің батырларына көрсетілген құрмет.

Малика Рүстем
тілші