Қазақстан мен Түрікменстан ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Фото: gov.kz
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Режеповпен кездесті, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz.
Кездесу барысында тараптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлықты кеңейту мәселесі қарастырылып, түркімен студенттерінің Қазақстанда жоғары білім алуға деген қызығушылығының жоғары екені атап өтілді.
Негізгі назар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық алмасу бағдарламаларын кеңейту мәселелеріне арналып, Түрікменстан азаматтарының Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарында білім алуына қолайлы жағдайлар жасауға ерекше мән берілді. Сонымен қатар бірлескен зерттеулерді кеңейту, екіжақты ғылыми жобаларды жүзеге асыру және цифрландыру мен инновация салаларындағы озық тәжірибелермен алмасу мәселелері талқыланды.
Жоғары білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударылды. Түрікменстан елшісі түркімен жастарының қазақстандық білім беруге дәстүрлі түрде жоғары қызығушылық танытатынын атап өтіп, мамандар даярлау деңгейінің жоғары екенін және екі ел арасындағы мәдени жақындықтың студенттердің табысты бейімделуіне ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен білім беру көрмелері мен форумдарын өткізу мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелері арасындағы тікелей серіктестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты.