Жас сақшыларға алғашқы куәлік табысталды

Патриот жаршысы
53

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі

Алматы қаласында жас полицейлерге алғашқы қызметтік куәліктер салтанатты түрде табысталды. Бұл маңызды шара “Тәлімгерім – мақтанышым” атты сабақтастық күні аясында өтті. Іс-шараны Алматы қалалық полиция департаменті мен ІІМ М. Есболатов атындағы академиясы бірлесе ұйымдастырды.

Салтанатты жиынға ішкі істер органдарының ардагерлері мен тәлімгерлер кеңесінің мүшелері шақырылып, олар жас офицерлерге алғашқы куәліктерін өз қолдарымен табыстады. Сонымен қатар, ардагерлер өз қызмет жолындағы естеліктерімен бөлісіп, жас мамандарға кәсіби кеңестер берді.

— Қызметтік куәлікті тапсыру – бұл жай ғана рәсім емес, бұл – жас офицердің қоғам алдындағы жауапкершілікті мойнына алған сәті. Бүгін олардың жанында – тәлімгерлері мен өмірлік өнеге көрсеткен ардагерлер. Бұл – намыс пен абырой мектебі, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов.

Жас полицейлер үшін бұл – құқық қорғау саласындағы еңбек жолының символдық бастамасы. Олар азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жолында адал қызмет етуге серт берді.

Шарадан кейін офицерлер академия мұражайын аралап, Қазақстан полициясының тарихымен, сондай-ақ ішкі істер саласына елеулі үлес қосқан тұлғалардың өмір жолымен танысты.

Мұндай тағылымды басқосулар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, дәстүр жалғастығына жол ашады. Жас сақшылар үшін бұл – Отанға адал қызмет ету жолындағы алғашқы әрі маңызды қадам.

Малика Рүстем
тілші