Ұлан сарбаздары бақылауда

Алматы облысының әкімдігі
Жаздың аптап ыстығында суға шомылуға асыққан жұрттың қарасы көбейіп, еліміздің су айдындарында қауіпсіздік мәселесі басты назарға алынып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы әскери қызметшілері шомылу маусымы кезінде су жанындағы қауіпсіздікті сақтау бойынша кең көлемде профилактикалық рейдтер жүргізуде.
Рейд барысында сарбаздар жағалау аймақтарын аралап, демалып жатқан халыққа судағы қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе, жасөспірімдер мен қараусыз жүрген балаларға ерекше назар аударылып отыр. Себебі, шомылу кезіндегі қайғылы оқиғалардың басым бөлігі дәл осы топ арасында жиі тіркеледі.
Мамандардың айтуынша, судағы қайғылы жағдайлардың көбі қарапайым қауіпсіздік қағидаларын елемеуден туындайды. Балаларды үнемі бақылау, арнайы рұқсат етілмеген және ағысы қатты өзен-көлдерге бармау, мас күйінде суға түспеу – өмірді сақтап қалудың негізгі кепілі.
Ұлан сарбаздары мұндай қауіп-қатерге бейжай қарамай, өз тәжірибесінде талай адамның өмірін аман алып қалған. Айталық, 27 маусым күні Қызылордада сержант Мұрат Түсекеев пен кіші сержант Жамбыл Таңсықбай Сырдария өзенінде батып бара жатқан адамды дер кезінде құтқарған. Ал Өскемен қаласында ефрейтор Пермабек Жанасбек Үлбі өзенінен суға кеткен қызды алып шығып, ерлігі үшін «Ізгі жүрек» марапатына лайық деп танылған.
Жаз мезгілінде қауіпсіздік - әр азаматтың өз жауапкершілігі. Су - досың да, қасың да бола алады. Сондықтан, шомылу сәтінде қарапайым ережелерді естен шығармаған абзал. Ұлан сарбаздарының басты міндеті - қауіптің алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету.