OCEANMAN ҚОНАЕВТА

Алматы облысының әкімдігі
Қонаев қаласындағы Капшағай су қоймасында Oceanman Kazakhstan - 2025 халықаралық ашық суда жүзу турнирі табысты өтті. Дүниежүзінің 18 елінен, соның ішінде Үндістан, Франция, БАӘ, Германия, Италия және Ұлыбританиядан келген 2000-нан астам спортшы бақ сынасты. Жағалаудағы жанкүйерлермен бірге қатысушылар саны 3000 адамнан асты.
Ауқымды спорттық шара Heaven Club демалыс аймағында, Алматин облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жарыс бес түрлі санат бойынша өтті:
-
OCEANMAN (10 км) – 300 қатысушы
-
HALF OCEANMAN (5 км) – 400 қатысушы
-
SPRINT (2 км) – 800 қатысушы
-
OCEANKIDS (500 м) – 500 бала
-
OCEANTEAM (эстафета 3х500 м) – 90 команда
Салтанатты ашылу рәсіміне Алматин облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Oceanman франшизасының негізін қалаушы Фермин Эгидо және жарыстың Қазақстандағы ұйымдастырушысы Ералы Оралов қатысты.
Биылғы жарыстың жүрек тебірентерлік сәті - INSPIRATION санатындағы ерекше балалардың қатысуы болды. 15 ерекше қажеттілігі бар бала тәлімгерлердің көмегімен қашықтықты сәтті жүзіп өтті. Солардың қатарында әйгілі Ержан Есімханов та болды – ол бір кездері Ла-Маншты жалғыз жүзіп өткен болатын.
Жарыс күндері ауа райы қолайлы болды. Қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде қамтамасыз етілді: 22 жүзу құралы, ТЖМ-нің 4 қайығы, трасса бойындағы құтқарушылар мен еріктілер сақадай сай қызмет атқарды.
10 шақырымдық OCEANMAN жарысына Гарвард университетінің оқытушысы Аиша Мансукхани да қатысты. Ал Қонаев қаласының өкілі, Дубайда өткен Oceanman финалының жүлдегері Дмитрий Кремпин бұл жолы да мәре сызығын сәтті кесті.
HALF OCEANMAN санатында Қазақстан чемпионы Станислав Редько (20–29 жас аралығы) жеңіске жетсе, әйелдер арасында халықаралық жарыстардың жүлдегері Ирина Лазарева топ жарды. INSPIRATION санатында Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина үздік атанды.
Абсолюттік чемпиондар:
-
10 км – Лев Черепанов (Қазақстан)
-
5 км – Газиза Құмақбаева (Қазақстан)
-
2 км SPRINT – Родриго Малан (БАӘ) және Таисия Короткова (Қазақстан)
Oceanman - ашық суда жүзуден әлемдік турнирлердің желісі. Әр кезеңде үздік 10 ер және әйел спортшы әлем чемпионатының финалына жолдама алады. Қазақстандағы кезең атмосферасы мен ұйымдастыру деңгейі жағынан Oceanman тарихындағы жарқын оқиғалардың біріне айналды.