Мағжан Жұмабаевтың бұрын жарияланбаған фотосы табылды
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві
ПЕТРОПАВЛ. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қорлары Мағжан Жұмабаевқа қатысты тың әрі құнды құжаттармен толықты. Архив қызметкерлері ақынның шығармашылық және ұстаздық жолына қатысты бұрын көпшілікке белгісіз деректерді анықтаған.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, табылған алғашқы құжат Өзбекстан аумағынан анықталған.
— Ақын 1923 жылы Петропавлдан Ташкентке кетуге мәжбүр болған. Сол кезеңде ол ғылыми комиссия құрамында қызмет еткен. Архивтен Мағжан Жұмабаевтың өз қолымен жазған құжаты табылды. Аталған комиссия құрамында Мұхтар Әуезов пен Халел Досмұхамбетов те болған. Бұл тұлғалар Қазақстан тарихын зерттеуді мақсат етіп, Абай Құнанбаевтың өлеңдерінің екінші жинағының жарық көруіне ықпал еткен. Осыған қатысты бірқатар құжаттарды анықтадық, — дейді архив директоры.
Екінші маңызды дерек ақынның ұстаздық қызметіне байланысты.
— Жақында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Сол жиында шетелдік әріптестермен бірлескен жұмыс барысында ерекше құжатқа қол жеткіздік. Бұл — Мағжан Жұмабаевтың бұған дейін еш жерде жарияланбаған фотосуреті. Сурет ақынның алғашқы қазақ жоғары оқу орнында сабақ берген кезеңінде түсірілген, — дейді Сәуле Мәлікова.
Аталған жоғары оқу орны алғашында Ташкент қаласында ашылып, кейін Алматыға көшірілген. Қазіргі таңда бұл білім ордасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ретінде белгілі.
Фотосуреттегі жазулардың басым бөлігі араб әліпбиімен жазылған. Тек жоғарғы бөлігінде бұл сурет жоғары оқу орнының алғашқы түлектеріне қатысты екені орыс тілінде көрсетілген.
— Оқу орнының бастапқы атауы Өлкелік Қырғыз (қазақ) ағарту ісі институты. Ол 1920 жылғы 1 қазанда педагогикалық училище негізінде құрылған. Сол жылдары жалпы студент саны 142 болса, оның 38-і жаңа оқу жылында қабылданған. 1923 жылы бұл оқу орнында Халел Досмұхамедов (гигиена пәні), Мұхамеджан Тынышпаев (математика пәні) дәріс берген. Ал Мағжан Жұмабаевтың нақты қай пәннен сабақ бергені құжатта көрсетілмеген, — дейді архив директоры.
Университеттің ресми деректеріне сүйенсек, Қазақ мемлекеттік университеті 1928 жылы наурыз айында құрылған. Алғашында педагогикалық, ауыл шаруашылығы және медициналық факультеттерді ашу жоспарланғанымен, сауатсыздықты жою қажеттілігіне байланысты оқу орны педагогикалық бағытта жұмысын бастаған.
Тұңғыш жоғары оқу орнында бастапқы кезеңде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден тұратын жалғыз факультет болған.
1930 жылдан бастап оқу орны Қазақ педагогикалық институты деп аталып, 1935 жылы оған Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Институтта Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов сынды ұлт зиялылары дәріс оқыған.
Жаңа табылған фотосурет Мағжан Жұмабаевтың да сол кезеңде жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамының алдыңғы сапында болғанын айғақтайды.
Айта кетейік, Петропавл қаласында еліміздегі алғашқы ғылыми-мәдени хаб — «Мағжан орталығы» ашылған болатын. Орталық халық арасында «Қалыңдық үйі» атанып кеткен, ғасырдан астам тарихы бар көне ғимаратта орналасқан.