«Хан Сұлтан» операсы Қазанда сахналанады

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
2025 жылдың 26 тамызында Татарстан Республикасының Мұса Жәлел атындағы Татар академиялық мемлекеттік опера және балет театрында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының халықаралық премьерасын ұсынады.
Гастроль Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі, Татарстан Мәдениет министрлігі және Татарстандағы ҚР Бас консулдығының қолдауымен өтпек.
Опера Алтын Орданың құрылу тарихын баяндайды. Басты кейіпкер – Хан Сұлтан, Берке ханның анасы, Жошы ханның үшінші жары. Ақыл-парасаты мен саяси көрегендігінің арқасында ол Алтын Орда тарихында өшпес із қалдырған тұлға.
Туындыны сахналауға Қазақстан, Татарстан және Түркиядан тарихшылар мен өнер мамандары атсалысты. Ал тарихи желіні дәл беру үшін Алтын Орда мен түркология саласының ғалымдары ғылыми кеңесші ретінде тартылған.
2024 жылдың соңында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы Ыстанбұлдағы Ататүрік мәдениет орталығында аншлагпен өтіп, көрерменнің зор ықыласына бөленген еді.
Бұл қойылым түркі әлемінің ортақ рухани мұрасын насихаттап, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайта түспек.