Өңірлерде 20 авиациялық құтқару жасағы құрылды
Фото: gov.kz
Қазақстанның ТЖМ авиажасақтарды ауқымды түрде кеңейтуде, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің өңірлерде 20 авиациялық құтқару жасағын құру жоспары жалғасуда.
Ұлытау облысында алғашқы авиациялық құтқару жасағы құрылған сәттен бастап өзінің жоғары тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Осы уақытқа дейін барлығы 41 жедел ұшу жұмысы атқарылды. Атап айтқанда 5 іздестіру жұмысының нәтижесінде 6 адам құтқарылса, санитарлық авиация желісі бойынша 36 рет ұшу іске асырылып, 39 азаматқа, соның ішінде 9 балаға дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетілді.
Алғашқы авиациялық ангар төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттыруға, әуе кемелерінің бір жерде орналасып, экипаж мүшелерінің жауынгерлік дайындықта болуына және ТЖМ авиация қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған.
ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов: «Бұл тәжірибені республиканың қалған өңірлеріне де жасаймыз және ол алғашқы авиажасақтан артық болмаса кем болмау керек», - деп атап өтті.
Көрсетілген нәтижелер аталған жобаның тиімді жүзеге асырылғанын және оның төтенше жағдайларға уақтылы ден қоюдағы маңыздылығын растап отыр.