"Отан дауысы" әскери-патриоттық ән байқауы өтті

Патриот жаршысы
59

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Алматыда мектеп оқушылары, колледж студенттері мен әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері арасында «Отан дауысы» әскери-патриоттық ән байқауы өтті. Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Байқауды Алматы қаласы білім басқармасының қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-практикалық орталығы, «Жас сарбаз» қозғалысы және ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Қатысушыларды орындаушылық шеберлігі, сахналық өнері, актерлік және хореографиялық қабілеттері, сондай-ақ композицияның ерекшелігі мен костюмдері бойынша бағалады. Әсіресе, авторлық әндерге ерекше назар аударылды.

Қазылар алқасына генерал-майор Иван Панфиловтың немересі, Ұлттық әскери-патриоттық орталық бастығының орынбасары, Алматы қаласы Жауынгерлік даңқ мұражайының әскери-тарихи құндылықтар бөлімінің жетекшісі Алуа Байқадамова төрағалық етті.

Байқаудың Бас жүлдесін №27 гимназия оқушысы Юлия Макс жеңіп алды. Оған X-Factor шоуының жаттықтырушылары Бек Оралбеков пен Гүлжан Оспанованың вокал сабағына арналған сертификат, ақшалай сыйақы және кубок табыс етілді. Бірінші орынды сол гимназиядан Алуанай Сапи иеленсе, екінші орын №118 мектеп-гимназия оқушысы Тимур Кириловқа, үшінші орын №78 гимназиядан Алсу Алухановаға бұйырды. Жеңімпаздар «Отан дауысы» мүсіншелері мен вокал сабақтарына сертификаттармен марапатталды.

Аружан Тоқсан
Тілші