Ән мен биден құралған жарқын кеш

Патриот жаршысы
115

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі

2025 жылғы 18 шілдеде Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет орталығының амфитеатрында "Әсем әуен" вокал студиясы мен "Көріктім" би үйірмесінің қатысуымен шығармашылық концерт өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты - балалар мен жасөспірімдердің өнерін дәріптеу, сахналық мәдениетін дамыту, олардың бір жыл бойғы еңбегінің нәтижесін көпшілікке көрсету. Сонымен қатар бұл концерт – ата-аналар мен көрермен қауым үшін тәрбиеленушілердің шығармашылық әлеуетін бағалайтын бірегей мүмкіндік болды.

Концерт барысында әртүрлі жанрда дайындалған вокалдық және хореографиялық қойылымдар ұсынылды. "Әсем әуен" студиясының оқушылары шырқаған әндер кеш көрігін қыздырып, көрермендерге шынайы әсер сыйлады. Ал "Көріктім" би тобының ұлттық және заманауи билері көркемдік жағынан ерекшеленіп, үлкен қошеметке ие болды.

Сахна төріне шыққан түрлі жастағы оқушылардың сенімді өнер көрсетуі, сахнада өзін еркін ұстауы мен бейнелі образдарды шебер жеткізе білуі – ұстаздар мен шәкірттердің бірлескен табанды еңбегінің жемісі екені анық.

Кеш соңында үйірме жетекшілері мен белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, жылы лебіздер айтылды.

Малика Рүстем
тілші