Металлургтер мерекесі

Патриот жаршысы
123

Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе қаласында еліміздің жетекші өнеркәсіп компанияларының бірі - «Қазхром» трансұлттық компаниясының 30 жылдығы мен Металлургтер күніне арналған салтанатты кеш жоғары деңгейде өтті. Бұл ерекше мереке Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып, адал еңбек пен өндірістегі жетістікті ұлықтауға арналды.

Мерекелік кештің шымылдығы әсем шоу мен кавер-бэндтің өнер көрсетуімен ашылды. Кеш барысында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов құттықтау сөз сөйлеп, металлургия саласының дамуына өңір мамандарының қосып жатқан үлесіне ерекше тоқталды. Айта кетерлік жайт – жуырда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №43 пешінен бір циклде 177 тоннадан астам феррохром өндіріліп, бұл көрсеткіш World Book of Records ұйымының сертификатына ие болды.

Кеш аясында «Қазхром» компаниясының бас директоры Сергей Прокопьев, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков және кәсіподақ төрайымы Мырзагүл Құлдыбаева үздік қызметкерлерді арнайы марапаттап, алғыс хаттар мен медальдар табыс етті.

Дәстүрге айналған жеті аталым бойынша да үздік металлургтер анықталып, арнайы марапатқа ие болды. Олардың арасында «Үздік жас маман», «Өндірістегі үздік әйел», «Үздік бригадир», «Жыл жаңалығы», «Үздік тәлімгер» сынды санаттар бар.

Кеш соңы зауыт жұмысшылары мен кәсіби әртістер қатысқан музыкалық мюзиклмен, әсерлі лазерлік шоумен және «Кел, шырқайық!» жобасының жеңімпазы - «Хром» командасының өнерімен жалғасты.

Сондай-ақ, Ақтөбедегі «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы маңындағы ашық алаңда өткен гала-концерт көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кеште «Музарт» тобы, Қайрат Баекенов, Формат тобы, Мақпал Исабекова, Alem, Raim сынды танымал өнер иелері ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара отшашумен қорытындыланды.

Малика Рүстем
тілші