Антарктиданы жүзіп өткен тұңғыш қазақ қызы

Фото: Кейіпкер мұрағатынан
Жақында 2024 жылдың 12 қарашасында дүниежүзінен жиналған ең мықты 13 жүзуші Антарктиданың мұздай суын жүзіп өтті. Олардың арасында отандасымыз, триатлоншы Әнел Сытдықова да бар. Батылдық пен жігерді бойына жинаған Әнел Сытдықова ТМД елдері арасында алғаш болып Антарктиданы жүзіп өткен тұңғыш қазақ қызы атанды. Ол 750 метр қашықтықты 18.58.95 минутта бағындырған. Толығырақ білу үшін Әнел Сытдықованың «PATRIOT PORTALY»-на берген сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз.
Мен Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келдім. Мектепті де сол жерде тәмәмдадым. Балалық шағым Кеңес дәуіріне тұспа-тұс келді. Ол кезде мен сияқты барлық балалардың балалық шағы ұқсас еді. Ал мектеп кезінде дене шынықтыру сабағын жек көретінмін. Бірақ Оқушылар үйіндегі цирк өнері үйірмесіне қатыстым. Мен үшін өте керемет үйірме болды. Ол жерде бізге арқанмен жүруді, жонглерлік жасауды, ауада акробатикалық жаттығуларды жасауды үйрендім. Солайша көрермендер алдында керемет өнер де көрсететінбіз. Мектепті бітірген соң Алматыға университетке оқуға түстім де, сол қалада тұрып қалдым. Менің спортқа деген қызығушылығым 33 жасымда, декреттен кейін қайта қалпыма келе бастаған кезімде жүгіруден басталған болатын.
2011 жылы Фиделити фитнес-клубы ұйымдастырған Амстердамдағы жарысқа қатысып, жүгіру мені сол кезде толықтай баурап алды. Бір жылдан кейін триатлонды ашып, жүгіру мені одан сайын қызықтыра түсті. Сөйтіп жүгіруден бөлек, жүзу мен велоспортты да дамыту қажет болды. Осылайша, мен жүзуді үйреніп, велосипедті қайтадан меңгердім. Үш жыл бойы айронмен және ультрамен жарыстарға қатысып, көптеген елдерде болдым. Әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген триатлоншы достар таптым. Олармен әлі күнге дейін жақын байланысып тұрамын. Қызығы, бірнеше жылдан кейін триатлонға деген қызығушылығым азая бастады. Себебі жарыс форматы, дайындық барысы да белгілі болып тұрады. Бұның барлығы мен үшін тым «оңай» болып көріне бастады. Яғни, маған күтпеген жағдайдайлардың болмауы ұнамады. Содан кейін жаңа мақсат туралы ойлана бастадым. 2015 жылы соңғы айронмен жарысымнан кейін Ла-Маншқа жүзу идеясы ойыма келді. Бұл туралы жан-жақты зерттеу жасап, ақпарат іздедім. Көп ойланбай бір айдан кейін пилоттарға хат жазып, жауап алдым. Олар мені 2016 жылдың тамызында жүзуге шақырды. Осылайша, менің салқын суда жүзу жолым басталды.
Нәзік жанды бола тұра батыл болудың сыры неде?
Мен өзімді нәзік жандымын деп айтпас едім. Негізі мен өте прагматик адаммын. Себебі мен бала кезімнен өте батыл қызбын. Мектеп кезіндегі бір оқиға есіме түсіп отыр. Бізді пионерлер қатарына қабылдауы керек болды, ал рәсім Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова ескерткішінің алдындағы алаңда өтетін болып жоспарланған. Сол күні қатты жаңбыр жауып, күн өте суық болды. Сол кезде: «жаңбыр мен желдің астында қалай тұрасың, күрте киюің керек»,-дегенінде анама қарап: «Мәншүк Мәметова оққа да қарсы тұрды, ал мен жаңбырдан қорқамын ба?»,- деп жауап бергенім есімде. Осы оқиғаны әлі күнге дейін есіме аламын.
«Қазақстанның темір ханшайымы». Жетістіктер тізбегі.
«Темір ханшайым» немесе «Үш тәждің ханшайымы» деген титулдардың қайдан шыққанына нақты жауап бере алмаймын. Әрине, ол мақтаулар жақсы дегенмен қате. Өйткені олар шын мәнінде жоқ. Ла-Манштың суын 2019 жылы ғана жүзіп өттім, және мен осы жолды өтіп, 2016 жылғы сәтсіз әрекеттен кейін одан бас тартпағаныма қуаныштымын. Бұл мені шынымен де шыңдады, мақсатқа жету жолы мақсаттың өзінен де маңызды. 2022 жылы COVID-19 шектеулері алынған соң, мен Нью-Йорктегі Манхэттен аралының айналасында 48 км-ді жүзіп өттім. Бұл жарыс «20 көпір» деп аталады, себебі жүзу кезінде осы көпірлердің астынан өтесің. Бұл мен үшін ерекше жүзу сәті деп айта аламын. Гудзон өзенінің және аспанмен таласқан ғимараттардың таңғажайып көріністері болды. Сол жазда мен АҚШ-тың Каталина проливі арқылы 34 км жүзіп, ашық судағы «Үштік тәж» сериясын аяқтадым. Биыл 14 км Гибралтар бұғазын жүздім.
Дайындық барысы қалай өтті?
Мен Антарктидаға баруды тіпті армандай да алмайтын едім, ол мен үшін мүмкін емес нәрсе сияқты көрінетін. Бірақ Рам Байкар, IISA International Ice Swimming Association (Халықаралық мұзды жүзу ассоциациясының) негізін қалаушы Антарктидаға жүзушілердің келесі тобын жинап жатқанын білгенде, бұл мен үшін «қазір барамын» деген сигнал болды. Әрине, Антарктидаға барудың өзі керемет, ал ондағы суға түсу – мұзды суда жүзетін әрбір спортшының арманы. Мен қалай дайындалдым? Мұнда физикалық дайындықтан гөрі, суыққа төзімділік өте маңызды болды. Маған 0 градус және одан да төмен температурада 25-30 минут су ішінде болу керек болды. Бұл әрине оңай емес, бірнеше секундтан кейін қолың мен аяғыңды, денеңді сезбей қаласың. Оның үстіне дайындықсыз суға түсу өте қауіпті. Қыркүйек, қазан айларында мен жүзген көлде су температурасы 11-12 градус болатын, сондықтан маған жақсы дайындық үшін ашық су табу өте қиынға соқты. Көлде жүзуден бөлек, мен әр күні 30 минуттан мұзды ванна қабылдадым. Бұл менің дайындықтағы жалғыз амалдарымның біріболды. Сонымен қатар, менің 9 жылдық суық суда жүзу тәжірибемнің бары, оның ішінде соңғы 5 жылдағы қыста жүзуім маған үлкен сенім берді.
Антарктиданы жүзіп өткендегі сезім қандай болды?
Әрине, бұл қадам мен үшін қорқынышты болды. Шын мәнінде, мен осы сапарды жоспарлай бастап, бір ай қалған кезде ғана қорқыныш сезімін түбегейлі сезіндім. Сол кезде ғана бұл қадамның расымен шындыққа айналғанын түсіндім. Ашық суда жүзу әрқашан белгілі бір қауіп-қатермен байланысты, өйткені ол ауа райы мен жағдайлардың белгісіздігіне тәуелді. Ал Антарктидада бұл қауіп әлдеқайда жоғары. Біріншіден, ауа райы қандай болатынын, екіншіден, жүзудің өзі қалай өтетінін алдын ала болжау қиын. Себебі минус температурада жүзу өте қауіпті. Үшіншіден, құрлықтан алшақ орналасқандықтан және құтқару қызметінің болмауы үлкен қауіп тудырады. Төртіншіден, экипаж бен кеме бағдарламасына тәуелділік болды. Біздің топтың суға түсуіне алаңдағанымен қатар, басқа жолаушыларды да ойлауға тура келді. Біз кеменің сапарын тоқтатып, портқа мерзімінен бұрын қайтуға себеп болуды тәуекел ете алмадық. Жалпы мен әр түрлі тәуекелшіл қадамдарға өте тез барамын, кейде кейін өкінетін кездер де болады. Ал, отбасым мұндай әрекеттеріме үйреніп те қалды.
Біздің елде бұл салаға мемлекеттік қолдау бар ма?
Ашық суда жүзу Қазақстанда жаңа спорт түрі болып есептеледі. Соған қарамастан, елімізде Қапшағай мен Бурабайда осындай жарыстардың өтетініне қуаныштымын. Дегенмен, көбінесе жеке кәсіпкерлер мен жүзуді жақсы көретін адамдардың ғана ықпалымен өтіп жатады. Мемлекет тарапынан осы салаға, осы спорт түріне қолдау көрсетсе, өте жақсы болар еді. Бірақ қазіргі уақытта бұндай қолдаулар туралы әлі естіген жоқпын. Одан бөлек, мен шетелде тұрсам да өз Отанымды, туған жерімді өте қатты жақсы көремін. Елімнің әр адамын, көрікті табиғатын, бай мәдени мұраларын бәрі-бәрін құрметтеймін. Қазақстанның туын әрдайым суға жүзер кезде мақтанышпен көтеремін және соның арқасында басқа адамдардың біздің елімізді танып-білгеніне шын жүректен қуанамын. Сұқбат үшін порталдарыңызға алғысымды білдіремін.