Тілімнің тағдыры – менің таңдауым

Фото: gov.kz сайтынан
Қазақтың ұлы ойшылы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген екен. Тіл – ұлттың рухани тірегі, болмысының айнасы. Алайда бүгінгі қоғамда туған тілімізге деген құрметтің салқындағаны жасырын емес. Қазақ тілі – мемлекеттік мәртебеге ие болса да, қазақ халқының басым бөлігі сол тілде таза сөйлей алмай отырғаны – ащы шындық. Сонда, бізге не кедергі?
Алдымен, тілге деген ішкі құрметтің жетіспеуі – басты себеп. Ата-аналар баласының қазақша емес, орысша немесе ағылшынша сөйлеуін мақтан көріп, тілді бәсекелестік құралы ретінде ғана бағалауда. Мұндай көзқарас ұрпақ бойында ана тіліне деген сүйіспеншілікті емес, өгейлік сезімді қалыптастырады. Екіншіден, қоғамдық орта мен ақпарат кеңістігінің ықпалы. Қаланың тіршілігі, жарнамалар, телеарналар, әлеуметтік желілер – бәрі орыс және ағылшын тілінде сөйлейді. Қазақ тілі тек формалды рәсімдерде ғана бой көрсетіп, күнделікті коммуникациядан шеттеп қалған. Жас ұрпақтың тілдік санасы осы кеңістікте қалыптасып жатыр. Үшіншіден, тіл үйрету жүйесінің әлсіздігі. Қазақ тілін оқытуда жаттанды тәсілдер басым. Оқулықтар тілге ғашық етпейді, жаттауға мәжбүрлейді. Нәтижесінде жастар тілдің әсемдігін, тереңдігін сезінбей, тек қажеттілік үшін ғана үйренеді немесе мүлде қызықпайды.
Тағы бір өзекті мәселе – екітілділік пен мәңгүрттік шегіндегі тепе-теңдік. Қос тілді болу – артықшылық. Бірақ қос тілділік ана тілді ығыстыратын деңгейге жеткенде, бұл артықшылық емес, алаңдаушылық туғызатын құбылысқа айналады. Бүгінгі таңда қазақ мектептерін бітірген жастардың өзі таза қазақша еркін сөйлей алмайтынын көргенде, жүрек сыздайды.Біз өз тілімізді қорғау үшін күресіп жүрген жоқпыз – біз өз болмысымызды сақтап қалуға тырысып жүрміз. Себебі қазақ тілі – тек тіл емес, ол – ұлттың жүрегі, салт-дәстүрінің, тарихының, руханиятының тамыры. Таза қазақ тілінде сөйлеу – бұл міндет емес, мақтаныш. Ол үшін бізге ең алдымен санадағы сілкініс керек. Әрбір қазақ баласы өз тілінде сөйлеген сайын, Абайдың, Мағжанның, Міржақыптың рухы тыныс табады.
Ендеше, кедергілерді емес, шешімдерді іздейік. Тілді тек оқыту емес, оны сүю, сүю арқылы сіңіру – басты міндетіміз.