Мария Мудряк Қытай сахнасында

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Әлемдік опера сахналарында танылған отандық әнші Мария Мудряк Қытайда әйгілі композитор В.А. Моцарттың «Фигароның үйленуі» операсында графиня Альмавиваның партиясын алғаш рет орындайды.
Қойылымдар 15, 17 және 19 шілде күндері Бейжіңдегі Ұлттық орындаушылық өнер орталығында өтеді. Сонымен қатар 8–10 тамыз аралығында әнші Сиань қаласындағы Grand Opera House сахнасында өнер көрсетпек.
Бұл — Мария Мудряктың Қытайға жасаған бесінші гастрольдік сапары. Бұған дейін дәл осы туындыда Сюзаннаның партиясын орындаған болатын. Биыл алғаш рет графиня Альмавиваның терең әрі күрделі бейнесін сомдамақ. Кейіпкердің ішкі сезімі мен драмалық болмысы бұл туындыға ерекше әсер сыйлайды.
Мария Мудряк — Қазақстанда дүниеге келіп, 10 жасынан бастап Италияда вокалдық өнерді меңгерген талант. Миландағы Дж. Верди атындағы консерваторияны тәмамдап, Ла Скала театрының балалар хорында шығармашылық жолын бастаған. Бүгінде ол әлемдегі ең үздік он сопраноның қатарына кіреді.