"КІТАП ОҚУ — ТҰТАС БІР ӨРКЕНИЕТТІ ТАҢДАУ"

ҚР Ұлттық кітапханасы
Қазіргі ақпарат тасқыны дәуірінде қысқа видеолар мен әлеуметтік желідегі визуал контент алдыңғы орынға шыққанымен, кітаптың құндылығы мен оқырман санасына әсері өз өзектілігін жойған жоқ. Осы орайда, біз ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, мәдениет саласының білікті маманы Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиевамен “100 кітап” жобасының қоғамдағы рөлі, кітап оқу мәдениетін жаңғыртудағы ықпалы мен ұлттық әдеби талғамды қалыптастырудағы мәні туралы әңгімелестік.
-Қазіргі кезде қысқа контент пен визуалдық материалдар кітап парақтарын ығыстырып, әлеуметтік желілер алдыңғы қатарға шықты. Осындай жағдайда “100 кітап” жобасының атқаратын рөлі қандай? Бұл бастама кітап оқу мәдениетін қайта жаңғыртып, оқырмандық үрдісті жандандыра ала ма?
-Бүгінгі ақпарат ағыны қатты заманда қысқа видеолар мен визуалды контенттер алдыңғы орынға шыққаны айқын шындық. Алайда, сонымен бірге кітап оқуға деген сұраныс та, көктемі оралған көк теректей қайта жанданып келеді. Бұған дәлел – жаңадан жарық көріп жатқан кітаптардың, онлайн кітап дүкендерінің көбеюі, заманауи форматтағы кітап клубтарының ашылуы. Қазір адамдар арасында тек кітапханамен шектелмей, кез-келген ортада, кофеханада, демалыс орнында, тіпті, қоғамдық орындарда да бас қосып, кітап талқылайтын үрдіс қалыптасуда. Бұл ұнамды әдет. Әлем елдерінде де бұл қозғалыс кең өріс алып келеді. Мәселен, BBC-дің «Біздің әлемімізді қалыптастырған 100 роман» жобасы мен New York Times басылымының үздік 250 кітабы сынды бастамалар жаһандық деңгейде кітап оқу мәдениетін жандандырып отыр. Осыған ұқсас, қазақ әдебиетінен 100 кітап таңдап, жалпыхалықтық сауалнама жүргізу – кітапты тек оқу құралы емес, ұлттың мәдени байлығы ретінде насихаттауға жол ашады. Білім – күш. Ал сол білімнің қазынасы – кітап. Кітап оқу мәдениеті – жеке тұлғаның ғана емес, тұтас мемлекеттің дамуына әсер ететін рухани негіз. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі интеллектуал, көзі ашық, саналы азамат. Сондықтан кітап оқу үрдісін насихаттау – ел болашағына инвестиция салумен тең. Мұндай бастамалар кітапты оқуға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, оны мәдениет пен өмір салтына айналдыруға үлкен үлес қосатынына сенім мол.
-Жоба аясындағы кітап таңдау, сауалнама жүргізу, халықтық пікір қалыптастыру үдерісі тек мәдени шара емес, азаматтық көзқарастың көрінісі іспетті. Осы тұрғыдан алғанда, “100 кітап” жобасының қоғамдық серпін тудырудағы рөлін қалай бағалар едіңіз?
-Жалпыхалықтық сауалнама – бұл тек бір ұйымның немесе мекеменің бастамасы емес, ұлттың мәдени беталысын көрсететін маңызды қоғамдық қозғалыс. Бізде кейде «кітапты тек әдебиетшілер, мәдениет қызметкерлері оқуы керек» деген қасаң түсінік бар. Алайда кітап оқу – барша халыққа ортақ құндылық. Бұл – әр адамның ой-өрісін, дүниетанымын, азаматтық көзқарасын қалыптастыратын басты құрал. Бізде мынадай бір қасаң пікір қалыптасқан, кітапты тек кітап оқитындар ғана оқу керек деген сияқты ол мысалы, әдебиеттің, мәдениеттің, өнердің айналасындағы, сол саладағы адамдар ғана деп. Жоқ, жалпы күллі халық, ұлт кітап оқу керек. Сауалнамаға қатысу – тек дауыс беру ғана емес, оқырман ретінде өз талғамыңды білдіру, ұлт руханиятына өз үлесіңді қосу. Әр адамның таңдаған шығармасы – оның жан дүниесінің айнасы. Кітап – жалпылама ұғым емес. Оның жанры, бағыты, оқырманның жасына, талғамына қарай бөлінетіні анық. Сондықтан 100 кітап ішінен әрбір азамат өзі сүйіп оқыған, әсер еткен туындыны бөлісе алады. Бұл бастама қазірдің өзінде қоғамдық серпін туғызып отыр. Түрлі сала мамандары, әр жастағы азаматтар өз оқыған кітаптарын ұсынып, сауалнамаға белсенді қатысуда. Бұл – елдің мәдени өміріне бейжай қарамайтын халық бар екенін көрсетеді. Мұндай мәдени жоба – ұлттың рухани тұғырын бекітіп, кітапқа деген қызығушылықты арттыруда маңызды қадам.
-Қазіргі таңда қоғамда әдеби талғамның әлсірегені байқалады. Осындай жағдайда “100 кітап” жобасы көркемдік қабылдауды, эстетикалық талғамды қайта жаңғыртуға қаншалықты ықпал ете алады?
-Жоқ, керісінше, әдеби талғам әлсіреген жоқ. Бұл жүз кітапқа көркем дүниелер енеді, жалпы адамның ішіндегі рухани өзек дейді, сол рухани өзек өзінің ең бірінші – ол ауыз әдебиеті дейді. Қазіргідей ақпарат тасқыны кезеңінде қысқа әрі визуалды контенттер алдыңғы орынға шыққаны рас. Алайда бұл – кітап оқуға деген қызығушылықтың азайғанын білдірмейді. Керісінше, соңғы жылдары оқырман мәдениеті жаңа тыныс алып, кітапқа деген сұраныс қайта арта бастады. Әлем елдері де бұл үрдісті қолдап келеді. Біздің де мақсат – қазақ әдебиетінің ішінен 100 озық туындыны таңдап, жалпыхалықтық сауалнама арқылы кітап оқу мәдениетін жаңғырту. Бұл тек әдеби мұрамызды дәріптеу ғана емес, ұлтты ойлы, парасатты, білімді ету жолындағы маңызды қадам. Адамзаттың, жалпы адам құндылығына әсер ететін шығармалар, дүниелер талғампаз оқырманға жолығады. Одан кейін кәдімгі көркем әдебиет, осы рухани өзек осындай дүниелермен қалыптасса, ешқандай да әдеби талғамды әлсіретпейді деп ойлаймын. «Бестселлер» деген шығармалар шығып жатыр. Меніңше, «бестселлер» деп жалпы жылдар, заман аралаған туындыларды айту керек деп ойлаймын. Иә, заман аралаған туындылар. Дәуірлер алмасса да дүре тимеген шедеврлар. Қазіргі мотивация, психология, философия деп бір арнайы бизнес жобалар, коммерциялық жобалармен шығып жатқан кітаптар – олар да кез келген тасқа түскен дүние болып саналады. Сөз тағдырға айналса, сөйлем өміріңе өрнейтей алады. Себебі, артық білім – кітапта. Ал көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ – елдің ертеңі. Кітап оқу мәдениетін дәріптеу арқылы біз тұтас қоғамның, мемлекеттің өркендеуіне үлес қоса аламыз. Таңдалған жүз кітап – ол әдеби шығарма, ол қазақи рухани өзекті қалыптастыратын шығарма. Кітап – тек парақ емес. Ол – жүрекке сәуле, санаға шырақ, болашаққа бағдар. Кітап оқу – даналықтың шыңына апарар дара жол. Ендеше, кітапты тек оқы ғана емес – оны өміріңнің шамшырағына айналдыр!
-Кітап - мазмұн ғана емес, автордың ойы мен көзқарасын жеткізетін рухани кеңістік. Шығарма қандай контексте ұсынылса, сол бағытта оқырман санасында жаңа ой толқынын тудырады. Осы тұрғыдан алғанда, “100 кітап” жобасы өз концепциясы мен идеялық бағытын қалыптастыра алды ма?
-Әлем өзгеріп жатыр. Ақпарат ағыны жылдам, визуал мен қысқа контент алдыңғы қатарда. Бірақ, соның өзінде адамзат кітаптан бас тартқан жоқ. Керісінше, кітап оқу жаңа тыныс алды. Қазір кітап оқу — қайтадан сәнге айналып келеді. Бұл – жай ғана үрдіс емес, бұл – рухани ояну. Дәл қазір оқырман санасына ерекше әсер ететін дүние деп аспаннан алып әр нені ұсынуға болмайды. Ол – сол көркем дүниенің ішінде. Өзі жанрлары бар дедім ғой, сол – ең бірінші кәдімгі көркем әңгіме, жақсы әңгіме. Сосын мына ертегі дейді: «Балаң дамысын десең, ертегі оқыт» деген бар екен. Қазақ айтады: «Қыран жетпеген жерге қиял жетеді» дейді. Ертегі оқып, қиялы ұшқыр болған бала ертең бір мақсат қойып, үлкен бір жетістіктерге жете алады дейді мамандар. Сондықтан көркем әдебиеттің барлық түрі – оның ішінде фэнтези болсын, ғылыми фантастика болсын, фантастика жанры, детектив, көркем әдебиет, драма болсын – ол міндетті түрде адам санасына, оқырман санасына әсер етеді. Жақсы мағынада, жақсы бағытта әсер етеді деп ойлаймын. Сол секілді қазақ әдебиетінің ішінен 100 кітапты таңдап, жалпыхалықтық сауалнама ұйымдастыру – ұлттық кітап оқу мәдениетін дәріптейтін тамаша бастама болар еді. Бұл идея – халық пен әдебиетті жақындататын көпір, руханиятты нығайтатын тірек. Себебі, бәрімізге белгілі: артық білім – кітапта. Ал білім – ел болашағының тұтқасы. Кітап оқитын ұрпақ – ойлы, ізденімпаз, кемел қоғамның кепілі. 100 кітап жобасы – 100 кітап таңдалғаннан кейін де бұл ары қарай жалғасын табуы керек. Таңдалған 100 кітап, 100 шығарма – ары қарай түрлі кітап, әдеби клубтарда талданса, оқылса. Біз өзіміз де Ұлттық кітапхана осы жобаның жалғасуына біраз жобалар дайындап отырмыз. Сондықтан, бұл біріншіден, «Таңдалған 100 кітапты ғана оқыңыз» деген сөз емес, ары қарай да 150 кітап оқыңыз, 200 оқыңыз, 1000 кітап оқыңыз. Кітап оқу — жәй хобби немесе әрекет емес, бұл — тұтас бір өркениетті таңдау. Рухани өсу жолындағы мәңгілік жолдасыңмен сырласу.