Әскер мен өмірге бірге дайындайтын жаңа жоба

Патриот жаршысы
29

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда мерзімді әскери қызметтің жаңа форматтағы SARBAZ+ пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл бастама Қорғаныс министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, әскери қызметті заманауи талаптарға сай жаңғыртуға бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты - сарбаздардың кәсіби және тұлғалық дамуын қамтамасыз етіп, әскери өмірге жаңа технологияларды енгізу.

Алғашқы кезеңде SARBAZ+ бағдарламасы Алматы облысында орналасқан Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде жүзеге асырылады. Осы күзде мұнда 150 әскерге шақырылушы жаңа жүйе бойынша қызмет атқара бастайды.

Жоба аясында сарбаздардың қызмет жағдайын жақсартуға және цифрлық құралдарды күнделікті өмірге енгізуге басымдық беріледі. Әрбір әскери қызметшіге фитнес-білезік беріліп, олардың денсаулығы нақты уақыт режимінде бақыланады. Бұл ақпарат медициналық мамандар мен командирлерге қолжетімді болады. Сонымен қатар бөлімде бейне бақылау және бейне талдау жүйелері енгізілуде.

Жобаның іске қосылуына орай әскери бөлімде құрылыс және жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңартылған спорт алаңдары, тренажерлар, көрермендер аймақтары, шахмат секциялары, сондай-ақ эмоцияны шығару бөлмесі ашылмақ. Психологиялық қолдауға ерекше назар аударылып отыр. Сарбаздардың эмоционалдық тұрақтылығын сақтау үшін жеке тренингтер, офицерлер мен сержанттар үшін көшбасшылық пен стресске төзімділік бойынша арнайы бағдарламалар дайындалған.

SARBAZ+ әскери қызметті кәсіби біліммен ұштастырады. Жоба аясында «Қазақтелеком» және «Транстелеком» компанияларымен бірлесіп телекоммуникация мен ІТ саласына қатысты базалық оқыту бағдарламалары ұсынылады. Оқу барысында сарбаздар ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен радиобайланыс негіздерін меңгеріп, қазақ және ағылшын тілдерінен қосымша сабақтарға қатыса алады. Қызмет аяқталған соң қатысушылар сертификат алып, оны болашақта жұмысқа орналасу кезінде пайдалана алады. Әскери бөлімнің офицерлік және сержанттық құрамы да ұмыт қалған жоқ - олар CCNA Cisco сынды халықаралық бағдарламалар бойынша қайта даярлаудан өтеді.

SARBAZ+ жобасына қатысу үшін арнайы әзірленген ресми сайт арқылы онлайн тіркелуге болады. Сауалнамалар әскери бөлім мен жергілікті басқару органдарының қатысуымен қаралады. Іріктеуден өткен үміткерлерге ресми хабарлама жолданады.

Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, SARBAZ+ - бұл жай ғана әскери қызмет емес, жеке және кәсіби өсуге мүмкіндік беретін жаңа формат. Егер жоба сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінің басқа да бөлімдерінде енгізілетін болады.

Малика Рүстем
тілші