Қазақстандық оқушылар – Экономика олимпиадасының жеңімпаздары!

Патриот жаршысы
21

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

20–29 шілде аралығында Әзербайжан астанасы Баку қаласында мектеп оқушыларына арналған беделді халықаралық зияткерлік сайыс - International Economics Olympiad (IEO) өтті. Экономика, қаржы және кәсіпкерлік саласына қызығатын оқушылар арасында ұйымдастырылатын бұл байқауға биыл 55 елден 280-ге жуық қатысушы жиналды.

Қазақстан құрамасы олимпиадада үздік нәтижелер көрсетіп, ең мықты командалардың қатарынан табылды. Әсіресе, бизнес-кейс бойынша командалық турда жерлестеріміз АҚШ, Жапония және Ұлыбританиядан келген қарсыластарын артта қалдырып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Жүлдегерлер тізімі:

  •  Алтын медаль – Батырхан Мұхтархан, Астана қаласындағы НЗМ, 10-сынып

  • Күміс медаль – Әділет Абзалиев, Астана қаласындағы НЗМ, 11-сынып

  • Күміс медаль – Нұрхан Тулеев, Астана қаласындағы НЗМ, 11-сынып

  • Қола медаль – Томирис Оспан, Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп, 11-сынып

  • Құрмет грамотасы – Даниал Арыстан, Астана қаласындағы НЗМ, 11-сынып

Команда жетекшілері:

  • Руслан Мулдашев – «Paradigm Shift» ЖШС қаржы директоры

  • Айгүл Қарқұлова – «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары

Қазақстан бұл олимпиадаға 2018 жылдан бері қатысып келеді. Осы аралықта ұлттық құрама 2 алтын, 5 күміс және 17 қола медаль жеңіп алды. Биылғы жетістік – соның жарқын жалғасы.

IEO олимпиадасының мақсаты – жас буынның экономикалық және қаржылық сауаттылығын арттыру, кәсіпкерлік қабілетін дамыту, заманауи экономика талаптарына сай кәсіби бағдар беру. Қатысушылар күрделі аналитикалық тапсырмалар шешіп, қаржылық жоспарлау, экономикалық модельдеу және іскерлік ойындар арқылы білімдерін көрсетті.

Оқушыларымызды, олардың ұстаздары мен ата-аналарын шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жеңіс – еліміздің білім саласындағы әлеуетінің айқын көрінісі.

Малика Рүстем
тілші