Абай ізімен

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында Әлихан Бөкейхан Университетінің бастамасымен «Абай еліне саяхат» жобасы өз жұмысын бастады.
Бұл танымдық-туристік жоба жоғары оқу орындары студенттеріне Абай елі – Семей өңірін аралап, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи орындармен танысуға мүмкіндік береді.
2 маусымда басталған жоба тамыз айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында еліміздің әр түкпірінен келген студенттер бірнеше күндік экспедициялық сапармен Жидебайдағы Абай музей-үйі мен «Абай мен Шәкәрім» мемориалды кешенін, Семейдегі тарихи ғимараттар мен музейлерді аралайды.
Сапар барысында студенттер үшін экскурсиялардан бөлек пікір алмасу кештері, кино көрсетілімдер, зияткерлік ойындар және табиғат аясындағы тимбилдинг сессиялары ұйымдастырылады.
Жобаға алғашқы болып қатысқан – Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері. Олар Семей өңірінің көрікті жерлерін аралап қана қоймай, «Абай еліне тарту» атты концерттік бағдарламасын ұсынып, жергілікті тұрғындарға өнерлерін паш етті.
Сондай-ақ, жастар табиғаты тамаша Қарағайлы орманда мәдени-сауықтық бағдарламаларға қатысып, жаңа достар тауып, Абай рухымен рухани сусындап қайтты.