Абай мен Ясауи мұрасы – бір көрмеде

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Семей қаласындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Әзірет Сұлтан» ұлттық музей-қорығымен бірлесіп «Абай әлемі және Ясауи» атты ерекше көрме ашылды.
Көрме Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, ақынның рухани мұрасын кеңінен насихаттауды мақсат етті. Сондай-ақ, бұл шара түркі дүниесінің рухани темірқазығы саналатын Қожа Ахмет Ясауи еңбектерімен де танысуға мүмкіндік берді.
Экспозицияға Абайға қатысты сирек кездесетін қолжазбалар, музыкалық аспаптар, фотосуреттер мен естеліктер қойылса, Ясауи мұрасын айшықтайтын майлы бояулы картиналар, көне құжаттар мен Х ғасырдың Құраны да көрермен назарына ұсынылды. Айрықша жәдігерлердің бірі - көне түркі тіліне тәржімаланған Х ғасырдың Құран қолжазбасы.
«Ұлағатты өлке - Абай, ұлылар мекені - Семей» атты челлендж-акциямен қатар өткен бұл көрме ұлы тұлғалардың мәңгілік мұраларын ұлықтауға арналған. Шара арқылы келушілер Абайдың өмір жолымен қатар, Ясауидің терең дүниетанымы мен рухани іліміне де үңіле алады.
Көрме 2025 жылдың 15 тамызына дейін жалғасады. Бұл - ұлттық рухани қазынаны жақынырақ тануға жасалған тамаша мүмкіндік.