Балуандар бәсекесі

Патриот жаршысы
53

Астана қаласының әкімдігі

Елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық кешенінде бір апта бойы өткен күрес түрлерінен Қазақстан кубогы өз мәресіне жетті.

Жарысқа еліміздің 20 өңірінен 900-ден астам спортшы қатысты. Астана қаласының балуандары тартысты додада үздік өнер көрсетіп, бірнеше стиль бойынша жалпыкомандалық есепте жоғары орындардан көрінді.

Еркін күрестен астаналықтар 97 келіде Бекзат Үркімбайдың алтын медалімен қуантты. Сол салмақта Рустам Экажев күміс жүлдегер атанса, 57 келіде Абзал Өкенов пен 79 келіде Нұрлан Бекжанов та күміспен қоса оралды. Бұл нәтиже елордалық еркін күрес шеберлеріне жалпыкомандалық есепте бесінші орынды қамтамасыз етті.

Грек-рим күресінде астаналықтар керемет нәтиже көрсетті. Марлан Мұқашев (55 келі) пен Мерей Мәулітханов (72 келі) алтын медаль жеңіп алды. Асаухат Мұхамадиев (63 келі) пен Мақсат Сайлау (87 келі) күміс жүлдеге ие болса, Айбек Айтбеков (60 келі), Мәдіяр Мәулітханов (67 келі) және Изновр Абаев (82 келі) қола медаль алды. Бұл нәтижемен Астана жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді.

Әйелдер күресінде де Астана намысын қорғаған спортшылар абыроймен өнер көрсетті. Светлана Анкичева (50 келі) мен Елена Шалыгина (65 келі) алтын жүлдеге қол жеткізсе, Диана Каюмова (59 келі) күміс медаль иеленді. Қорытындысында, елордалық арулар төртінші орынға тұрақтады.

Малика Рүстем
тілші