TÜRKSOY бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф Ахыска басылымдарының мерейтойлық шарасына қатысты

ТҰРАН АМАНАТЫ
80

Фото:TÜRKSOY

Анталия қаласында «Ахыска» газетінің 25 жылдығы мен «Түрік бірлігі» журналының 15 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. 

Маңызды мәдени жиынға ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымы бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф арнайы қатысып, мазмұнды баяндама жасады.

Түркі дүниесінің баспасөз өкілдері, дипломаттары мен үкіметтік емес ұйым жетекшілерін бір алаңға тоғыстырған шараға Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаман, Дүниежүзі Ахыска түріктері бірлестігінің (DATÜB) төрағасы Зиятдин Қассанов, «Ахыска» газетінің бас редакторы Ровшон Исмайылов, сондай-ақ Түркия Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, TİKA, YTB мекемелері мен көптеген ғалымдар қатысты.

Салтанатты жиында сөйлеген спикерлер «Ахыска» газеті мен «Түрік бірлігі» журналының Түркі дүниесінде ортақ тарихи жадты сақтау, диаспоралық сананы нығайту және туыс халықтар арасындағы мәдени байланысты күшейту жолындағы маңызын ерекше атап өтті.

ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф өз сөзінде Ахыска мәселесіне арналған өмір жолынан сыр шертіп, әсерлі ойларымен бөлісті. Ол Ахыска түріктерінің ұлттық болмысын сақтаудағы күресін жоғары бағалап, былай деді:

«1828 жылы ата-бабамыз бұл өңірден айырылғанда, оны ‘Стамбұлдың кілті кетті’ деп сипаттаған. 

1944 жылғы ауыр депортация кезінде, қақаған аязда вагондарда қаза тапса да, Ахыска түріктері тілінен, дінінен және түркілік намысынан ешқашан бас тартқан жоқ. 

Бүгінде Америкадан Өзбекстанға дейін әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылса да, ұйымшылдығы мен берік рухы арқылы Түркі бірлігінің жарқын үлгісін көрсетіп келеді», – деді ол.

Зиятдин Қассановқа «Қазіргі заманның Тагиеві» атағы берілдіСайит Юсуф өз сөзінде DATÜB төрағасы Зиятдин Қассановтың еңбегіне ерекше тоқталып, оны әзербайжандық әйгілі меценат Хажы Зейналабдин Тагиевпен салыстырды. 

Қассановтың түркі жастарының білімі мен мәдени дамуына ешқандай қайтарым күтпей қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтіп:

«Зиятдин Қассанов – бүгінгі Түркі дүниесінде үнсіз, бірақ ауқымды істер атқарып жүрген нағыз жанашыр тұлға. Ол – қазіргі заманның Тагиеві», – деп бағалады.

Іс-шара Түркі дүниесіндегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға, ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуге және Ахыска түріктерінің тарихи тағдырын кеңінен танытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Лағыл Намаз
тілші