ОЙЫННЫҢ ЕҢ ЖАС ШАБАНДОЗЫ

ТҰРАН АМАНАТЫ
260

Фото: Patriot portaly

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы күні ат жалын тартып мініп, көк байрағымызды желбірете ұстаған қыз-жігіттердің арасынан өзі кіп-кішкентай ерекше шабандоз бала көзімізге түсті. Арғымақ үстіне еркін отырып, әдіс-тәсілдерін көрсеткен Ханкелді Бердібай–бес жаста. Ұлы дала дүбірі саналатын байрақты бәсекеге арнайы Алматы қаласынан келіпті.

Анасы Ақбота Муханбаеваның айтуынша, Ханкелді төрт жасынан бастап атқа мінеді. Тіпті, V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына қатысқысы келгендігі сонша,  балабақшадан 1 ай қалып дайындалған көрінеді. Алғыр бүлдіршін барлық қимыл-жаттығу әдістерді шабандоз жігіттерді көріп қайталау арқылы  өзі  үйреніп алған. «Оған арнайы ешкім үйреткен жоқ» дейді анасы. Тұлпар тұяғының дыбысын естіп өскен, жастайынан ат құлағында ойнайтын Ханкелді өскенде шабандоз болам дейді.

Қаннан келген тектілік пен өр рух  бала бойынан сезіліп-ақ тұр. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, Ханкелдінің әкесі бүркіт асырыап, құсбегілік өнерді игерген екен. Кішкентайынан қазақтың құмай тазысы мен қыран бүркітін көріп өскен баланың жылқы жануарына жақын болуы өте орынды. Анасының айтуынша барынша бала бойына ұлттық құндылықтар мен қазақы тәрбиені сіңіруге күш салып жатырмыз дейді.

Қазақ халқы ерте кезден 3-4 жасқа келген баланы атқа отырғызып, арнайы ағаштан ашамай-ер жасаған. Бұл – бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлеріміздің мән-маңызының тереңде екенінің айқын көрінісі. Әрине, бүгінде атқа отырған баланы көрсек бір жағынан таңғалсақ, екіншіден қуанарымыз рас. Себебі ежелден қазақтың айнымас серігі саналған жылқы жануарын қазіргі күні жанына жақын тұтатын  кішкентай бала тұрмақ, ересек ержігіттерді табу қиынға соғады.

Сондықтан,  «Тегіміз–түркі, түлігіміз –жылқы» деп ұрандайтын намысты ұрпақтарымыз көп болсын!

Кеше Елорда төрінде намысты дода https://www.patriotportaly.kz/kk/post/120 бастау алған еді.

Дариға Нысанқұл