V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды

Ақорда ресми сайты
Төрткүл дүние көз тіккен V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары басталды. 8-13 қыркүйек аралығында Елордамызда өтетін әлемдік байрақты бәсекеге 87 мемлекеттің спортшылары 21 спорт түрінен сынға түседі. Дүбірлі додада ел намысын 261 спортшы қорғайды. Бүгінгі салтанатты ашылу рәсіміне 20 мың көрермен жиналған.
Ауқымды спорттық іс-шараның ашылу салтанатына қатысу үшін Татарстан басшысы Рустам Минниханов, Түрікменстан халық маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Астанаға арнайы келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзінде:
«Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек.
Көшпенді өмір салты қайта жаңғырды. Жаһандану дәуірінде ешқандай шекара жоқ. Бір сөзбен айтсақ қазір заманауи көшпенділер пайда болды. Біз білім алу, жұмыс істеу үшін қоныс аударамыз, басқа елдерге саяхат жасаймыз. Бұл дәуірде біз еркіндік рухын сақтай білуіміз керек. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіру қажет. Біз даңқты көшпенділердің мұрагеріміз! Батыр бабалардың ұрпағымыз! Олар ел мен жерді қорғады. V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын ашық деп жариялаймын»,– деді.
Порталымыз дайындаған эксклюзив видеоны https://youtube.com/shorts/SK2eQFuepX8?si=tOstykH82JvHzIsn сілтеме арқылы тамашалай аласыздар.