Дулат Исабековтің «Тіршілік» кітабы түрік тіліне аударылды

Патриот жаршысы
27

Фото:24kz

Түркияда көрнекті қазақ жазушысы Дулат Исабековтің «Тіршілік» атты кітабы түрік тіліне аударылып, оқырман назарына ұсынылды. Қаламгердің таңдаулы шығармалары топтастырылған жинақтың тұсаукесер рәсімі Ыстамбұл қаласындағы ең ірі кітапханалардың бірінде өтті.

Іс-шара барысында түрік жазушылары мен зиялы қауым өкілдері қазақ әдебиетінің қазіргі даму бағыты, оны халықаралық деңгейде таныстыру мәселелері, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы шығармашылық байланысты нығайту жолдарын талқылады. Басқосуға жазушының ұлы Естияр Исабеков арнайы қонақ ретінде қатысты.

Естияр Исабеков өз сөзінде шараның маңыздылығына тоқталып, қос ел арасындағы рухани байланыстың тереңдей түскенін атап өтті.

Естияр Исабеков, жазушының ұлы:

– Бүгінгі конференция жоғары деңгейде өтті. Әкемнің «Тіршілік» кітабының тұсаукесері екі ел арасындағы рухани көпірді жалғап, шығармашылық байланыстарды нығайтты. Өз атымнан және отбасымыз атынан ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін.

Ал кітаптың аудармашысы, түрік әдебиеттанушысы Ашур Өздемир қазақ әдебиетін Түркияға танытудың өзектілігіне тоқталды.

Ашур Өздемир, аудармашы:

– Өкінішке қарай, қазақ әдебиеті Түркияда әлі де жеткілікті деңгейде таныла қойған жоқ. Мен Дулат Исабековтің жеті әңгімесін түрік тіліне аудардым, оның төртеуі бұған дейін жеке кітап болып жарық көрген. Бүгінгі кездесуде қаламгер шығармалары арқылы қазақ әдебиетін түрік оқырмандарына тереңірек таныстыруды мақсат еттік. Оқырмандардың қызығушылығы өте жоғары болды.

Айта кетейік, Дулат Исабековтің шығармалары бұған дейін де бірнеше шет тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейде танылуына елеулі үлес қосқан.

Лағыл Намаз
тілші