Спорт пен сарбаздық – бір сапта

Патриот жаршысы
128

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Алматыда Армия орталық спорт клубының 33 жас спортшысы Отанға адал болуға салтанатты түрде ант берді. Ел намысын спорт ареналарында абыроймен қорғап жүрген сарбаздар енді әскери борышты да қатар алып жүрмек.

Ант қабылдау рәсіміне Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, сондай-ақ күрес түрлерінен халықаралық жетістіктерге жеткен танымал спортшылар қатысты.

Сарбаздар арасында қазақ күресі, бокс, дзюдо, самбо, кикбоксинг, ауыр атлетика, джиу-джитсу, таэквондо, қоян-қолтық ұрыс сияқты түрлі спорт түрінен ел чемпиондары мен әлемдік жарыстардың жүлдегерлері бар. Олардың қатарында дзюдошы Нұрқанат Серікбаев, самбошы Нұржан Тумырзаев, кикбоксинг шебері Батырхан Қуандықов, биатлоншы Кирилл Бауэр және ауыр атлет Петр Гребетов секілді мықтылар бар.

Ант алдында спортшылар жас жауынгер курсынан өтті. Олар әскери жарғылармен, саптық және атыс дайындығымен, қауіпсіздік ережелерімен танысты.

Армия орталық спорт клубының спорт ротасында қызмет ету – кәсіби спортшылар үшін ерекше мүмкіндік.

Малика Рүстем
тілші