Есімдегі елдік рух

Фото: El.kz сайтынан
Қазақ халқының мәдениетінде есім қою дәстүрі — терең мағыналы, символдық әрі тәрбиелік мәні зор салт. Есім беру – баланың дүниеге келген сәтінен бастап оның болашағына жол ашатын алғашқы рухани қадамы. Бұл дәстүр ұлттың дүниетанымымен, салт-санасымен, өмірлік құндылықтарымен тығыз байланысты. Қазақ халқы ежелден баланың есімін жай ғана ат қою деп қарамаған. Әр есім белгілі бір үміт, тілек, тағдырмен астасып жатады. Мысалы, «Айгүл», «Гүлнұр», «Бақытжан» сынды есімдер — сұлулық пен нәзіктікті, бақыт пен жақсылықты білдірсе, «Ерлан», «Батырхан», «Нұрсұлтан» сияқты есімдер — ерлік пен елдікке тәрбиелеу мақсатында қойылған. Ескі замандарда бала көп шетіген жағдайда ата-аналар түрлі ырымға сеніп, баласына ерекше есім қойған. Мысалы, «Тоқтар», «Жетпісбай», «Кенжебай» секілді есімдер — баланың өмірін, отбасындағы орнын сақтау мақсатында қойылған. Сондай-ақ, атақты адамдардың, ақын-жыраулардың, әулиелер мен батырлардың есімін беру арқылы ұрпағына сол кісілердей елге қадірлі болсын деген тілек те жатқан. Бұл – дәстүрлі тәрбиенің бір бөлігі.
Жаңа туған нәрестеге есім беру рәсімі көбінесе «Ат қою», «Азамат ету» немесе «Есім беру» деп аталады. Бұл рәсімді көбінесе үлкен кісілер, ауыл ақсақалдары, діни сауатты адамдар атқарады. «Құлағына азан шақырып ат қою» – Ислам дінімен байланыстыру арқылы баланың рухани болмысын бекемдеудің көрінісі. Әрбір есімнің мән-мағынасы, қолданылу себептері, оны қоюға түрткі болған оқиғалар мен үміттер баланың тәрбиесіне әсер етіп, тұлғалық қалыптасуына ықпал етеді. Қазақы ортада адам есімі оның шыққан тегі мен отбасындағы мәртебесін де аңғартады. Мысалы, ер баланың есімі көбіне әке жолын жалғайтын азаматқа сай етіп қойылса, қыз баланың есімі сұлулық пен мейірімділікті бейнелейді.
Уақыт алмасып, қоғам дамыған сайын есім қою үрдісіне де түрлі өзгерістер енуде. Бүгінгі күні ата-аналар балаларына шетелдік, ерекше, өзгеше естілетін есімдер қоюға ұмтыла бастады. Бұл – жаһандану мен шет ел мәдениетінің ықпалының нәтижесі. Мысалы, «Алекс», «Элиза», «Милана» секілді есімдер қазақ отбасыларында жиі кездесетін болды. Сонымен қатар, дыбыстық жағынан әдемі, бірақ мағынасы түсініксіз немесе қазақ тілінің заңдылығына сай келмейтін есімдер де көбейіп келеді. Бұл жағдай ұлттың төл мәдениетіне қауіп төндіретін көріністердің бірі ретінде бағаланады. Алайда, дәстүрден алшақтамай, заманауи әрі ұлттық реңкі бар есімдерге бет бұру да байқалады. Мәселен, «Айару», «Ерасыл», «Алаш», «Томирис» сияқты есімдер ұлттық сана мен тарихи танымға негізделген заманауи үрдістің жемісі.
Қазақ есімдері — халықтың рухани байлығы, мәдени коды. Есім – адамның өмірлік серігі ғана емес, оның болмысын айқындайтын белгі. Сондықтан есім қою ісі жеңіл-желпі қаралатын мәселе емес, әр ата-ана үшін үлкен жауапкершілік. Қазіргі уақытта ұлттық дәстүрді сақтай отырып, заман талабына сай, мән-мағынасы терең есімдерді таңдау — болашаққа деген құрмет пен жауапкершіліктің көрінісі болмақ.
Ал сіздің есіміңіз қандай мағына береді?