Жас сарбаздар ант қабылдады

Алаңда Ұлттық Ұланның сапын жақында ғана толықтырған бір топ жас сарбаздар әскери оқу-жаттығу тактикаларын орындап жатты. Жауынгерлер сапы жастарды аз ғана уақыттың өзінде біраз ширатқан секілді. Отан алдындағы борышын сезінген олар командирдің бұйрықтарын мүлтіксіз орындай түседі. Еңселері тік, қимылдары ширақ! Жүздеріне қарасаңыз, жауапкершілікті сезінетінін байқамау мүмкін емес.
Шүкір! Ұлым есейе түсіпті! Өзі шешім қабылдап, әскери борышымды өтеймін дегені – азаматтығы!
Ұлыма қарап, рухым көтерілді! Көңілге сенім нығая түсті. Ана жүрегін сағыныш тербеп тұрса да, мұндай сәтте, іштей марқайып, мақтана түседі екенсіз!
Кеше әкесі екеуіміз Алматыға, Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде өткен ұлымыздың, жас сарбаздардың Ант қабылдау рәсіміне қатыстық. Мұнда еліміздің әр өңірлерінен шақырылған мерзімдік қызметтегі 600-ден аса жас жауынгерлер салтанатты түрде Ант берді.
Әрбір әскери қызметші Қарулы Күштер қатарына кіре отырып, дербес түрде Әскери ант қабылдады.
Бұл – Алматы қаласының тыныштығын қамтамасыз ететін жедел бригаданың жас жауынгерлері үшін оқу пунктіндегі ең маңызды әрі ешқашан ұмытылмайтын оқиға болары анық.
Азаматтық борышыңды аман өтеп, сау қайт, ұлым! Біз сенімен мақтанамыз!
Журналист Бағдагүл Рахметқызы