ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ

Патриот жаршысы
30

Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Жастар театрында ұлы ойшыл, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Өлең сөздің патшасы» атты әдеби жыр кеші өтті. Шараның басты мақсаты - Абай мұрасын ұлықтап, қазақ поэзиясының көркемдік қуатын жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу.

Әдеби кешті Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы мен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Кеш аясында белгілі қаламгерлер мен жас ақындар Абай шығармашылығына арналған және еркін тақырыптағы өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, хакімнің өлеңдеріне жазылған әндер де орындалды.

– Абайдың 180 жылдығына байланысты республиканың әр өңірінде түрлі ауқымды шаралар өтіп жатыр. 8–10 тамыз аралығында Абайдың туған жерінде үлкен той өтпек. Ал біз осы атаулы мерекеге әдеби үлес қосу мақсатында осындай жыр кешін ұйымдастырдық, – деді Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы.

Кешке Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, ақын Оңайгүл Тұржан сынды танымал қаламгерлер, сонымен қатар жас буын өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 20 мен 70 жас аралығындағы елордалық ақындар көрерменге рухани тарту жасап, Абай мұрасына деген құрметтерін жырмен жеткізді.

Малика Рүстем
тілші