Астана мен Бурабай арасында жаңа пойыз бағыты ашылды

ҚТЖ
Жазғы демалыс маусымында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жақсы жаңалық - «Астана - Бурабай курорты» бағыты бойынша қосымша қала маңы электр пойызы іске қосылды. Бұл бастама туристер көп қатынайтын бағытта көлік қолжетімділігін арттыру және жолаушылардың жайлы жол жүруін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды.
№6811/6812 пойызы әр сәрсенбіде қатынайды. Астана-1 теміржол вокзалынан сағат 11:00-де шығып, 13:35-те Бурабай станциясына жетеді. Кері бағытта пойыз 14:15-те жолға шығып, 17:00-де елордаға оралады.
Электр пойыз 4 вагоннан тұрады, онда 1, 2 және 3-сыныптағы жолаушыларға арналған қызмет көрсету түрлері қарастырылған. Жолаушылардың жайлылығы үшін пойыз кондиционерлермен, ауа тазарту жүйесімен, биоәжетханалармен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындармен жабдықталған. Сонымен қатар вагондарда велосипед қоюға арналған орындар мен Vputi.kz медиапорталына тегін қосылуға болатын Wi-Fi желісі бар.
Билеттерді жөнелтуге 10 күн қалғанда сатып алуға болады. Оларды bilet.railways.kz ресми сайтынан немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларынан комиссиясыз алуға мүмкіндік бар.
Бұл жаңа бағыт табиғат аясында тынығуды қалайтындар үшін таптырмас шешім болып отыр. Бурабайдың керемет табиғаты мен Астананың заманауи инфрақұрылымы арасында байланыс нығая түспек.