Қызметте де, өмірде де бірге – Сәрсеновтер отбасы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
Қазақстан полициясында ел тыныштығын күзетіп, қызмет пен өмірде иық тірестіріп келе жатқан жұптар аз емес. Солардың бірі – Алматы қалалық полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында (ЖҚАЖ) қатар қызмет атқарып жүрген Самат пен Айзада Сәрсеновтер.
Олар 2020 жылы ЖҚАЖ қатарына алғаш рет қабылданып, дәл сол жерде танысқан. Үш айдан соң таныстық құрмет пен сенімге ұласып, отбасылық одаққа айналған. Бүгінде олар бір шаңырақ астында қыздарын тәрбиелеп, қызметте де бір сапта еңбек етіп келеді.
– Қызметтегі ауырлықты, тәртіп пен жауапкершілікті жүрегімен түсінетін жанның жаныңда болғаны – үлкен демеу. Біз бір-бірімізге тек үйде емес, жұмыс үстінде де арқа сүйейміз, – дейді Самат Сәрсенов.
– Форманың салмағы – сөзбен емес, іспен дәлелденеді. Қызымызға да осыны үйретуге тырысамыз, – деп толықтырды Айзада Сәрсенова.
Олар бос уақыттарын да тиімді пайдалануға тырысады: спортпен шұғылданады, ведомстволық жарыстарға қатысады, салауатты өмір салтын ұстанады. Жарасымды жұптың береке-бірлігі жас қызметкерлерге үлгі боларлықтай.
Сәрсеновтер отбасы – ішкі істер органдарының рухани тірегі, қызметке деген адалдық пен отбасылық құндылықтың көрінісі. Олар – Алматы полициясының абыройлы бейнесі.