Нөгербектің триумфы

Астана қаласының әкімдігі
Астанада классикалық шахматтан Қазақстан чемпионаты өтті. Елдің ең мықты шахматшылары қатысқан бұл сайыста елордалық Қазыбек Нөгербек керемет нәтиже көрсетіп, алғаш рет классикалық шахматтан ел чемпионы атағын жеңіп алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнирге жоғары рейтингке ие 14 спортшы қатысып, ел намысын қорғады. Ерлер арасындағы басты тартыс Астана қаласының үміті Қазыбек Нөгербек пен Денис Махневтің арасында өрбіді. Шешуші сәтте қосымша рапид пен блиц партиялар ойнатылып, Қазыбек қарсыласынан басым түсіп, өз мансабындағы аса маңызды жеңіске қол жеткізді.
Әйелдер арасында да елордалық шахматшылар жақсы нәтижемен көзге түсті. Меруерт Камалиденова 8,5 ұпай жинап, үшінші орынды иеленіп, қола жүлдені еншіледі.
Тағы бір астаналық спортшы Жандос Ағманов жарысты төртінші орынмен аяқтады.
Айта кетейік, биылғы чемпионаттың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады.